Орта дәлізден цифрландыруға дейін: Қазақстан мен Түркия арасындағы серіктестік жаңа деңгейге көтерілді
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен елімізге жұмыс сапарымен келген Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмаз екіжақты келіссөздер мен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 14-ші отырысын өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шағын құрамда тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың бүгінгі деңгейі туралы пікір алысты. Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия президенттері, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоған, деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес тауар айналымының көлемін одан әрі ұлғайту мақсатында екіжақты өзара іс-қимылдың әлеуетін аша түсу жөніндегі шаралар қаралды. Түркия президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапарына дайындыққа да ерекше назар аударылды.
Премьер-министр Түркия вице-президентін Қазақстанның жаңа Конституциясының негізгі мазмұны туралы хабардар етіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен еліміз дамудың жаңа тарихи кезеңіне аяқ басқанын атап өтті.

Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік органдары басшыларының қатысуымен өткен Үкіметаралық комиссияның отырысында сауда, инвестициялар, өнеркәсіп, көлік және логистика, энергетика, цифрландыру және жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қаралды.


Қазақстан тарапы жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру шеңберінде өнеркәсіптік платформалар мен мемлекеттік қолдау құралдарын ұсынуға дайын екендігін атап өтті. Өткен жылы экономикаға шамамен $390 млн түрік инвестициясы тартылды, небәрі 20 жыл ішінде бұл сома $6 млрд-тан асты. Бүгінде құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, металлургия, АӨК өнімдерін терең өңдеу, көлік және логистика, фармацевтика өндірісі, электрондық аспаптар және тағы да басқа салаларда жалпы сомасы $4 млрд болатын 98 инвестициялық жоба іске қосылды. Одан бөлек $3,9 млрд болатын тағы 50 жоба жүзеге асырылуда.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалы 6,4 млн тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 35%-ға артты. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымал көлемі 4 млн тоннадан асты. Ортақ басымдық – Орта дәлізді дамыту және осы бағытта инфрақұрылымды жаңғырту, «тар» учаскелерді жою, порттық және терминалдық қуаттарды кеңейту, цифрлық шешімдерді енгізу және тарифтік саясатты үйлестіру бойынша бірлескен жұмыстар жүргізу. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бұл бағыт бойынша жүк ағыны 7 жылда 5 есеге өсті, жеткізу мерзімі 13 күнге дейін қысқарды.
Агроөнеркәсіп кешенінде өткен жылы тауар айналымы 25%-дан астамға артып, $360 млн-ға жетті. Уәкілетті органдар мен Қазақстан мен Түркия бизнесі арасында агротехнология және сақтандыру саласында тәжірибе алмасу жолға қойылған. Отырыс барысында қатысушылар экспорттық ассортиментті кеңейту және қосылған құны жоғары жаңа бірлескен өнім өндірісін іске қосу арқылы тауар айналымын әртараптандырудың өзектілігін атап өтті. Сонымен қатар бидай, жасымық, жемшөп және майлы дақылдар бойынша қазақстандық экспорт көлемін одан әрі ұлғайту мақсатында ветеринария және фитосанитария саласында бірлескен жұмыс қажеттігі атап өтілді.
Мұнай-газ саласында, геологиялық барлау және басқа да ірі бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы энергетикалық әріптестікті дамыту мәселелері қаралды. Түркия аумағы арқылы өтетін және қазақстандық мұнайды тасымалдайтын «Баку – Тбилиси – Джейхан» құбыры инфрақұрылымының стратегиялық маңызы атап өтілді. Энергетика, көмір және өзге де салаларда инновациялар енгізу бойынша тәжірибе алмасу екі ел арасындағы ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге көтереді.

Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде Қазақстан мен Түркия өзге елдермен бірлесіп, Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес пен CubeSat-12u жерсерігін әзірлеу бағытында бірлескен жұмыс жүргізуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі бастамаларына ерекше назар аударылды. IT-білім беру, финтех, киберқауіпсіздік және электрондық қызметтер саласындағы бірлескен жобалардың әлеуеті атап өтілді. Астана қаласында Орталық Азиядағы екі ірі суперкомпьютерлік кластер іске қосылып, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Сонымен қатар инвесторлар мен серіктестерге қуаттар, инфрақұрылым және арнайы салық жеңілдіктері ұсынылатын «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасы жүзеге асырылуда.
Денсаулық сақтау саласында инвестициялық ынтымақтастық, ақпараттық технологиялар және академиялық тәжірибе алмасу негізгі бағыттар ретінде айқындалды. Түрік серіктестерінің қатысуымен Қазақстанда жаңа ауруханалар салу, онкологиялық инфрақұрылымды, университеттік клиникаларды дамыту және фармацевтикалық өнім өндіру бойынша жобалар жүзеге асырылуда.

Көлік, Сауда және интеграция, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Өнеркәсіп және құрылыс, Оқу-ағарту министрліктерінің басшылары Қазақстан тарапынан әріптестікті одан әрі нығайтуға қатысты ұсыныстар беріп, пікір білдірді. Түрік тарапынан Көлік және инфрақұрылым, Сауда, Энергетика және табиғи ресурстар, Ауыл және орман шаруашылығы, Өнеркәсіп және технологиялар, Ұлттық білім министрліктерінің басшылары қатысты.
Жиын соңында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан мен Түркия арасындағы Үкіметаралық комиссиясының 14-ші отырысының хаттамасына қол қойды.