Тоқаев: Орталық Азия – қарқынды дамып келе жатқан әлеуеті мол аймақ
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді
Қасым-Жомарт Тоқаев екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытып, саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырған Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға алғыс айтты. Сонымен қатар Орталық Азия және Ресей арасында шынайы достық пен ынтымақтастықты, стратегиялық серіктестікті нығайтуға үлкен үлес қосқаны үшін Ресей Президенті Владимир Путинге ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы үш жыл бұрын Астанада өткен алғашқы «Орталық Азия – Ресей» саммиті көпжақты форматтағы ықпалдастықтың жемісті бастауы болғанын атап өтті.
Сонымен қатар Президент аймақ пен Ресей арасындағы екіжақты және көпжақты ықпалдастықтың бірқатар өзекті бағытына қатысты ойымен бөлісті. Бірінші басымдық ретінде сауда және индустриалды қарым-қатынасты дамытуға тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар сауда кедергілерін жоюды, өзара сауданы жандандыруды және тауар айналымы номенклатурасын кеңейтуді қолдайды.