Спорт

«Қайсардың» басты ойыншылары командадан жаппай кетуге бел буды

«Қайсардың» бірнеше негізгі ойыншысы басқа клубтармен келіссөз жүргізіп жатқаны белгілі болды.

AmanVibe Telegram арнасының хабарлауынша, команданың көшбасшыларының бірі – 24 жастағы Айбар Жақсылықов маусым соңында клубтан кетуі мүмкін. Қазіргі уақытта оның қай командаға ауысатыны нақты анықталған жоқ, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Сондай-ақ, қызылордалық ұжыммен Айбол Әбікен, Әділет Кеңесбек және капитан Думан Нәрзілдаевтың да келісімшарт мерзімі 31 қазанда аяқталып, олар еркін агент мәртебесін иеленді деген ақпарат тарады.

Бұған дейін бас бапкер Виктор Кумыков та өз жағдайына қатысты түсініктеме берген болатын.

– Қызылордалық клубпен келісімшартым 31 қазанда аяқталды. 1 қарашадан бастап, футболшылар айтқандай, мен еркін агентпін. Қазірге дейін «Қайсар» тарапынан келісімді ұзарту жөнінде ұсыныс түскен жоқ. Дегенмен, клуб басшылығымен және облыстық спорт басқармасымен жақын күндері кездесіп, алдағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылауға уағдаластық.

Жасырмаймын, өзге клубтардан да ұсыныстар бар – Қазақстаннан да, Өзбекстаннан да. Бірақ менің басты таңдауым – «Қайсар». Алайда бәрі жаңа басшылықтың шешіміне байланысты болады, – деді Кумыков KFF League сайтына берген сұхбатында.

Осылайша, Сыр командасында алдағы апталарда маңызды кадрлық өзгерістер болуы мүмкін.