Демеу Жадыраев әлем чемпионатының ширек финалына шықты
Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Демеу Жадыраев Сербияның өкілі Алекса Иличті жеңіп, Загребте өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Грек-рим күресінен ұлттық құрама көшбасшысы бастапқыда қарсыласынан ұпай жағынан қалып қойған еді. Бірақ тәжірибесінің арқасында Иличтің бір қателігін тиімді пайдаланып, 4 ұпай еншілеп, жекпе-жекті 8:6 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Ал өзге балуандарымыз бұл кезеңде жолдары болмады. -55 кг салмақтағы Марлан Мұқашев әлемдік рейтингтің 4-сатысында тұрған румын Артём Делянудан ұтылса, -82 кг салмақтағы Альмир Төлебаев молдовалық Михаил Брадудан айласын асыра алмады. Сондай-ақ аса ауыр салмақта Әлімхан Сыздықов украиналық Николай Кучмийге есе жіберді.