Елена Рыбакина Гиннес рекордтар кітабына енді
Елена Рыбакина Эр-Риядта өткен турнирдегі жеңісі үшін қомақты сыйақы алған еді.
Елена Рыбакина ресми түрде Гиннес рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ол теннис тарихында бір турнир үшін ең ірі жүлде қоры бойынша рекорд орнатты. Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен WTA финалдық турниріндегі жеңісі спортшыға 5,235 миллион доллар (шамамен 2,7 миллиард теңге) табыс әкелді.
Мұндай көлемдегі сыйақы теннис тарихында бір турнир үшін берілген ең жоғары қаржы болып есептеледі. Бұған дейінгі рекорд беларусьтік Арина Соболенко мен испан теннисшісі Карлос Алькарасқа тиесілі болды.
2025 жылғы қыркүйекте олар АҚШ ашық чемпионатында (US Open) жеңіске жетіп, сол кезде рекордтық 5 миллион доллар табыс алған еді.
Айта кету керек, бұл Рыбакинаның Гиннес рекордтар кітабындағы алғашқы жетістігі емес. Бұған дейін 2024 жылы Аустралия ашық чемпионатында Анна Блинковаға қарсы ойнаған матчта ол "Үлкен дулыға" турнирлері тарихындағы ең ұзақ тай-брейкке (22:20) қатысқан.
Жалпы алғанда, 26 жастағы Рыбакина WTA турнирлерінде жекелей сында 11 титул жеңіп алып, 24,438 миллион доллар көлемінде табыс тапқан.