Спорт

Криштиану Роналду кәсіби мансабын аяқтауға дайын екенін мәлімдеді

Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубы мен Португалия құрамасының жұлдызы Криштиану Роналду кәсіби мансабын жақын уақытта аяқтайтынын мәлімдеді.

Әлемнің үздік футболшыларының бірі бұл туралы журналист Пирс Морганның YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

«Мансабымның соңы жақындап келеді. Бұған өзімді дайын сезінемін. Әрине, оңай емес, эмоция көп. Бірақ бұл сәтке мен ертерек — 25-27 жасымнан бастап дайындала бастадым», – деді Роналду.

Өткен маусымда ол «Әл-Наср» сапында барлық турнирлерде 41 матч өткізіп, 35 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген. Қазіргі маусымда команда 15 ұпай жинап, Сауд Арабиясы чемпионатында көш бастап тұр.

Роналду отбасымен бірге 2023 жылы Сауд Арабиясына қоныс аударып, осы клубтың шабуылшысы атанған. Кейін «Әл-Наср» оның ұлымен де келісімшарт жасасқан еді.

Сұхбат барысында Роналду өміріндегі ең қымбат сатып алулардың бірі — жеке ұшағын атады. Ол оны 13 жыл бұрын сатып алғанын айтты.

Forbes мәліметінше, Роналду — әлемдегі ең жоғары жалақы алатын спортшы. Оның жылдық табысы 275 миллион доллар шамасында.

Криштиану Роналду — «Алтын доптың» бес дүркін иегері, Чемпиондар лигасының бес мәрте жеңімпазы, сондай-ақ Англия, Испания және Италия чемпионаттарында топ жарған жалғыз футболшы.