жұма, 5 желтоқсан, 2025 13:52

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Төртінші Олимпиадаға жол: Елдос Сметов Лос-Анджелесте тағы да алтын алуға ниетті

Төртінші Олимпиадаға жол: Елдос Сметов Лос-Анджелесте тағы да алтын алуға ниетті
prosports.kz
27 шілде - Қазақстан спорты үшін ерекше күн. Осыдан тура бір жыл бұрын, дәл осы күні жерлесіміз, дзюдошы Елдос Сметов Олимпиада шыңын бағындырып, Париж төрінде алтын медаль иеленді. Спортшы бұл жеңісін әлеуметтік желідегі жазбасында «тарихи күн» деп атады.

Ол өзінің Олимпиада шыңын бағындыру мақсатындағы қадамдарының әрқайсысы ерекше екенін айтып өтті. Алайда:

«Париж Олимпиадасының алтыны ардайым биік болып қала береді. Бұл – қаншама маңдай тер мен еңбектің ақталған күні. Барлық марапатымның шыңы», – деп бөлісті чемпион.

Елдос Сметов бұл табыстың оңай келмегенін де жасырмады. Кедергілер мен құрбандықтарға толы жолда арман үшін талай дүниеден бас тартуға мәжбүр болғанын айтты. Ол үшін Олимпиада жеңісі тек спорттық жетістік емес, бүкіл өмір жолының символына айналды.

Ал алтын медальды жеңіп алғаннан кейін, Сметов үшін жаңа өмір кезеңі басталғанын былай баяндайды:

«Сол сәттен кейін өмірімді өзіме, отбасым мен жақындарыма арнай бастадым. Париждегі алтын біз алмайтын қамал жоқ екенін көрсетті», – дейді спортшы.

Жазбасының соңында Елдос Сметов алдағы төртжылдықтың басты додасы, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадада да жеңісті жолын жалғастыруға бел буып отырғанын жеткізді:

«Иншалла, келесі төртжылдықтың басты додасында да дәл осы эмоцияны сыйлау үшін бар күшімді саламын», – деді ол.

Айта кетейік, Елдос Сметов – Рио Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. Ал былтыр Парижде көптен күткен алтынға қол жеткізіп, еліміздегі дзюдо тарихындағы ең жарқын есімдердің біріне айналды.

Арайлы Жақсылық
Автор

Арайлы Жақсылық

Арайлы Жақсылық

Ұқсас жаңалықтар