Арсланбек Айтқұлов төрт жылға теннистен шеттетілді
Бұл туралы Халықаралық теннистің адалдық агенттігі (ITIA) мәлімдеді,
Қазақстандық теннисші Арсланбек Айтқұлов төрт жылға спорттан шеттетілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
21 жастағы спортшының допинг сынамасынан тыйым салынған анаболикалық заттар - лигандрол мен метилгексанамин табылған. Бұл заттар Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) тізіміндегі қатаң тыйым салынған препараттар қатарына жатады.
Айтқұлов 2024 жылдың басында Катардың Доха қаласында өткен турнир кезінде тестілеуден өткен. Сол кезде алынған сынамадан допинг ізі анықталған. ITIA 14 наурызда спортшыға алдын ала хабарлама жіберіп, 16 наурыздан бастап оны уақытша жарыстардан шеттетті.
2025 жылдың 30 маусымында өткен онлайн тыңдауда тәуелсіз трибунал Айтқұловты төрт жылға спорттан шеттету жөнінде шешім шығарды. Осыған сәйкес, ол 2028 жылдың наурызына дейін ресми жарыстарға қатыса алмайды, жаттығуға және турнирлерге баруға тыйым салынды.
Агенттік мәліметінше, спортшы тыйым салынған заттардың ағзасына қалай түскенін дәлелдей алмаған. Сондықтан бұл алғашқы ереже бұзушылық ретінде бағаланып, төрт жылдық шеттету жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, Қарағанды қаласының тумасы Арсланбек Айтқұлов 2023 жылдың қарашасында ATP рейтингінде 1250-орынға дейін көтерілген. Оның кәсіби мансабындағы жалпы жүлде қоры 10,5 мың АҚШ долларынан асады.