сәрсенбі, 31 желтоқсан, 2025 4:51

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қысқы Олимпиадаға дайындыққа 13,3 млрд теңге бөлінді — министрлік

Қысқы Олимпиадаға дайындыққа 13,3 млрд теңге бөлінді — министрлік
Ұлттық Олимпиада комитеті
Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Бүгінде қысқы спорт түрлеріне бейімделген 1200-ден астам спорт нысаны жұмыс істеп тұр, бұл тұрғындардың қысқы спортпен еркін айналысуына мүмкіндік береді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Қысқы спортпен тұрақты түрде шұғылданатындар саны шамамен 149 мың адамды құрайды. Сонымен қатар спорт мектептерінде тәрбиеленіп жатқан балалар мен жасөспірімдер саны 17 мыңға жеткен. Ұлттық құраманы жасақтау халықаралық жарыстарда көрсетілген нәтижелерге негізделеді. Министрлік аймақтық әкімдіктер мен республикалық федерациялармен бірлесіп, болашағы зор спортшыларды іріктеп алды. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Іріктеуден әлемдік ареналарда табысты өнер көрсетіп, әлем чемпионаттары мен әлем кубоктарында жүлде алған спортшылар енді.

"Олардың ішінде фристайл-могулдан жасөспірімдер арасында 2025 жылғы әлем чемпионы, ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Анастасия Городко бар. Мәнерлеп сырғанаудан 2025 жылы Михаил Шайдоров әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, әйелдер арасындағы Гран-приде Софья Самоделкина алғашқы тарихи күмісті жеңіп алды", — деп толықтырды министр.

Шорт-трек спортынан Денис Никиша 2024 жылғы әлем чемпионатында күміс медаль алып, бұл жетістігін 2025 жылы да қайталады. Конькимен жүгіруден Евгений Кошкин 2025 жылғы Әлем кубогы кезеңдерінде екі мәрте алтыннан алқа тақты. Ал Азия ойындарында фристайл-акробатикадан Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов Қытайдың мықты құрамаларын артта қалдырып, алтын медаль иегерлері атанды.

Жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін министрлік спорт федерацияларымен бірге ұлттық құраманы дайындаудың кешенді жоспарын іске асырды. Бағдарлама аясында оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылып, спортшыларға медициналық және психологиялық қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар қаржыландыру, спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету, сапалы тамақтану және тәжірибелі бапкерлермен жұмыс істеу қарастырылған.

Дайындық барысында ұлттық құрамалар 178 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 125 халықаралық жарысқа қатысты. 

"Қаржыландырудың жалпы сомасы 13,3 млрд теңгені құрады. Оның ішінде федерациялар қаражатынан – 585 миллион теңге, республикалық бюджеттен – 5,3 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен – 6,2 миллиард теңге, Туризм және спорт индустриясын қолдау қорынан – 1,2 миллиард теңге бөлінген", — деді Ербол Мырзабосынов. 

Сонымен бірге қысқы олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың бас жаттықтырушылары бекітілді. Германия, Нидерланды, Испания, Словения, Польша, Ресей және Беларусь елдерінен мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шорт-трек және биатлон бағыттары бойынша 13 жоғары деңгейлі шетелдік жаттықтырушы-кеңесші тартылды.

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар