Мектептегі буллинг: Қатарласынан қысым көргендер не істейді
Соңғы жылдары мектеп жасындағы балалар арасында буллинг жағдайлары жиілеп, бұл проблема қоғамның алаңдаушылығын тудырып отыр.
Қатарластары тарапынан психологиялық немесе физикалық қысым көру — баланың ғана емес, бүтін отбасының тыныштығына әсер ететін маңызды мәселе. Буллингтің салдары баланың өз-өзіне сенімсіз болуына, оқудан қашуына, тіпті психологиялық жарақат алуына әкелуі мүмкін. Осы орайда, буллингтің не екені, одан қалай қорғануға болатыны және жәбір көрген балаға кім, қалай көмектесуі тиіс деген сұрақтар ерекше өзектілікке ие.
Jambylinfo.kz тілшісі бұл тақырыпты кеңірек талқылау үшін Жамбыл облыстық Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы Ювеналдық полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Оксана ССеменовамен сұхбаттасқан едік.
— Соңғы жылдары мектептегі буллинг мәселесі жиі көтеріліп жүр. Алдымен буллинг дегеннің нақты мәнін түсіндіріп өтсеңіз.
— Егер ата-аналар буллингтің не екенін, оның түрлері мен салдарын толық білмесе, ең алдымен мектепке бекітілген инспектормен кеңескені дұрыс. Мұндай мәселені ата-аналар жиналысында талқылау да тиімді, себебі жиналыстарға әдетте кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспектор қатысады. Ол буллингке қатысты құқықтық нормаларды түсіндіріп, жәбірлеуге жол берген оқушы мен оның ата-анасына қандай жауапкершілік жүктелетінін айтып береді. Сонымен қатар ата-аналарға қысым, агрессия немесе психологиялық зорлық белгілерін байқағанда қалай әрекет ету керектігі жөнінде кеңес береді. Осындай алдын алу жұмыстары ата-аналардың құқықтық сауатын арттырып, буллинг жағдайында дер кезінде әрекет етуге көмектеседі.
Буллинг — бір оқушының екінші оқушыға ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде қысым көрсетуі. Ол келемеждеу, қорқыту, кемсіту, оқшаулау, ұру, өсек тарату, әлеуметтік желіде жағымсыз пікір жазу сияқты әрекеттер арқылы көрінуі мүмкін. Буллингтің қауіптілігі — оның баланың психикасына терең із қалдыруында.
— Әдетте кімдер буллингтің құрбанына айналады?
– Көбінесе тұйық, ұялшақ, өзін-өзі қорғауға қиналатын немесе өзгелерден ерекшеленетін балалар жиі жәбірленеді. Бірақ шын мәнінде кез келген бала мұндай жағдайға тап болуы мүмкін.
– Егер оқушы қатарластарының қысымын сезсе, не істеуі керек?
– Ең бастысы — үндемей қалмау. Балалардың көбі айтуға қорқады немесе ұялады, бұл жағдайды одан әрі қиындатады. Мұғалімге, ата-анаға немесе мектеп психологына бірден айту керек. Ересектердің көмегінсіз мәселені шешу қиын.
Көп жағдайда буллинг белгілерін бірінші болып ата-ана немесе педагог-психолог байқайды. Олар бұл туралы мектепке бекітілген полиция қызметкеріне хабарлай алады. Инспектордың құзыретіне оқиғаның құқықтық жағын бағалау, тиісті кеңес беру, тараптармен профилактикалық жұмыс жүргізу және қажет жағдайда тексеріс ашып, бұзақылық жасаған оқушыны жауапкершілікке тарту кіреді. Мұндай өзара әрекет ету қайталанатын жағдайлардың алдын алуға және мектепте қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Мұндай жағдайда ата-аналар қалай әрекет етуі тиіс?
– Ең алдымен баланы тыңдап, оны кінәламау маңызды. «Неге жауап қайтармадың?» деп жазғырмау керек. Баланың өзін қауіпсіз сезінуі қажет. Одан кейін мектеппен бірлесіп мәселені шешудің жолын іздеген дұрыс.
– Буллингпен күресте мектептің рөлі қандай?
– Мектеп қандай жағдай болса да оны жасырмай, тез арада әрекет етуі керек.
Профилактикалық шаралар, психологиялық тренингтер, қауіпсіз орта — бәрі де маңызды. Жұмыс тек жәбірленушімен ғана емес, агрессормен де жүргізілуі тиіс. Оның неге ондай әрекетке барғанын анықтап, эмоциясын реттеу жолдарын үйрету қажет. Бұл жерде ата-аналар мен полиция қызметкерлерінің де араласуы маңызды.
– Буллингтен кейін баланың психологиялық жағдайын қалай қалпына келтіруге болады?
– Ең алдымен бала өзін қауіпсіз сезінетін орта жасалуы тиіс. Одан кейін ол өз сезімдерін ашық айтуына мүмкіндік алуы қажет. Психолог оның өзін-өзі бағалауын қалпына келтіріп, сенімділігін арттыру бағытында жұмыс жүргізеді. Қажет болса, ұзақ мерзімді терапия ұсынылады.
– Буллингтің алдын алуға бола ма?
– Әрине. Алдын алу жұмыстары — ең тиімді тәсіл. Мектепте сыйластыққа негізделген орта қалыптастыру, балаларға эмоцияны басқару, эмпатия мен дұрыс қарым-қатынас жасау дағдыларын үйрету — буллингтің алдын алудың негізгі жолдары. Ал үйде бала ата-ананың қолдауын сезінуі тиіс.
– Сұқбатыңызға рахмет!