Агробизнеске 235 млрд теңге: Жамбыл облысында агросаланың инвестициялық әлеуеті артып келеді
- авторБақытжан Бекболат
- 25 қыркүйек, 2025
- 393
Бұл бағытта Жамбыл облысында нақты қадамдар жасалып, биыл агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына 14 млрд теңге инвестиция құйылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның ішінде 10,1 млрд теңге ауыл шаруашылығына, 3,9 млрд теңге тамақ өнеркәсібіне бағытталды. 2025–2027 жылдары құны 235 млрд теңгені құрайтын 20 ірі жоба жүзеге асып, 1 770 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сүт және көкөніс өндірісі
Өңірде сүт өнімдері өндірісін арттыруға басымдық берілген. «Момбек» шаруа қожалығы 612 басқа арналған заманауи сүт фермасын салып жатса, «Азнур Агро», «Нұрлыжай» және «Қайсар» шаруашылықтары 400-450 басқа арналған жобаларды іске асыруда. Инвестициялар көлемі 700 млн – 2 млрд теңгені құрайды. Сонымен бірге «TRZ Agro», «ALIZA» және «Тараз-ЦементСтрой» кәсіпорындары көкөніс қоймаларының сыйымдылығын арттыруға үлес қосып отыр.
Қайта өңдеу және жаңа технологиялар
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытында «Rich Gold» алма шырынын өндіруді, «Кемер Агро» тыңайтқыш өндірісін, «Нұрлыжай» сүт зауытын, «NOMAD AQUA INVEST» балық жемін шығаруды қолға алды. «Жетібай» шаруашылығы 700 млн теңгеге су үнемдеу технологиясын енгізіп, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашты.
Мал шаруашылығы
Өңірдегі өнімнің 40%-дан астамы мал шаруашылығына тиесілі. Сиыр еті өндірісі 29,9 мың тоннаға жетіп, өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 122,8%-ды құрады. Дегенмен өнімнің үштен бірі ғана ұйымдасқан шаруашылықтарға тиесілі болғандықтан, 5%-дық несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Қазіргі таңда екі ірі шаруашылық 900 млн теңгеге несие рәсімдеуде. Қой шаруашылығы да дамуда: өткен жылы 2 мың тонна қой еті экспортталып, Меркі ауданында 5 мың малға арналған бордақылау алаңы салынуда.
Құс шаруашылығы
«Әулие-ата Феникс» және «Алель Агро» кәсіпорындарының қуаттылығы 26 мың тоннаға дейін ұлғайды. «Гәкку құс» ЖШС жылына 10 млн балапан шығаратын репродуктор құрылысын бастап кетті. Биыл құс еті өндірісі 25%-ға өсіп, 26 мың тоннаға жетуі күтілуде. Алдағы бес жылда бұл көрсеткіш 55 мың тоннадан асады.
Экспорт және жаңа өндірістер
Жамбыл облысынан биыл 3,6 мың тонна сиыр еті, 1,8 мың тонна қой еті, 1 мың тонна құс еті және 610 тонна шұжық өнімдері ТМД елдеріне, сондай-ақ БАӘ, Катар, Иран мен Сауд Арабиясына экспортталды. Сонымен қатар, қытайлық инвесторлардың қатысуымен жылына 1 млн тонна жүгері өңдейтін және қант қызылшасын өңдейтін зауыт салынып жатыр. Бұл жобалар 1 500 тұрақты және 4 500 уақытша жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Жалпы, Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар ауыл шаруашылығының барлық саласын қамтып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге, экспорт көлемін арттыруға және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Ұқсас жаңалықтар
Президент Жолдауы: Облыс әкімдігінде жиын өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 4 желтоқсан, 2025






