Қаратаудың етегінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді
Ежелгі дәуір тынысын сезінуге мүмкіндік беретін бұл мекен Талас және Жамбыл аудандарының шекарасында орналасқан
Жамбыл облысындағы Қаратау етегінде орналасқан Бүйрекбастау-Бұлақ палеолиттік тұрағында қазақ-жапон бірлескен археологиялық экспедициясы жұмысын қайта жалғастырды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ауқымды экспедиция Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен Жапонияның Нара ғылыми-зерттеу институтының ғылыми ынтымақтастығы аясында жүзеге асып жатыр. Экспедицияның басты мақсаты – төменгі және орта палеолит дәуіріне жататын мәдени қабаттарды зерттеп, сол кезеңдегі адамның тіршілік ортасы мен еңбек құралдарын ғылыми тұрғыда зерделеу.
Жобаны Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов пен Нара ғылыми-зерттеу институтының профессоры, PhD докторы Садакатсу Кунитаке басқарады. Экспедиция құрамында сондай-ақ PhD доктор Ейки Суга, Васэда университетінің студенті Милена Сугияма және Нью-Йорк университетінің аспиранты Мирас Есмұратұлы бар.
Қазба жұмыстары аясында бүгінде 10 шаршы метр аумақта 2 метр 10 сантиметр тереңдікке дейін қазылып, ошақ орны анықталды. Бұл жерден 16 мың жыл бұрынғы тас дәуірі адамы қолданған құралдар табылып отыр. Құралдардың күл қалдықтары арнайы зерттеу үшін Жапонияға жөнелтіледі.
Қаратау жотасы – қазақ археологиясының алтын діңгегіне айналған аймақ. Мұнда орналасқан Бөріқазған, Тәңірқазған, Шабақты, Қызыләуіт пен Бүйрекбастау сияқты тұрақтар – адамзат тарихының 1 миллион жылдан 140 мың жылға дейінгі кезеңін қамтитын бірегей археологиялық кешендер. Бұл тұрақтардан табылған қырғыштар, тілікшелер мен шапқылар — алғашқы адамдардың аңшылықпен айналысып, табиғатпен үндестікте өмір сүргенін дәлелдейді.
Аталған ескерткіштер алғаш 1946 жылы академик Әлкей Марғұланның жетекшілігімен табылып, кейін 1950–60 жылдары белгілі археолог Х.А. Алпысбаевтың бастамасымен терең зерттелді. Қазір бұл нысандар Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігіне айналды.
Бүйрекбастау-Бұлақ тұрағынан алғаш рет тас құралдар 2017 жылы табылған. Ал 2018 жылғы қазба барысында алынған үлгілер Жапониядағы Нара ғылыми-зерттеу институтында зерттеліп, олардың шамамен 16 мың жыл бұрын қолданылғаны анықталды. Араға бірнеше жыл салып, биыл сол тарихи орында зерттеу жұмыстары қайта жандануда.
Айта кетейік, бүгінгі күні Жамбыл облысының үш ауданында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде.