«Ауылым – алтын бесігім»: Ақсай мен Мыңбұлақта фестиваль өтті
Биылғы мереке Кеңес Одағының батыры, даңқты қолбасшы, ержүрек жауынгер Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына арналды.
Жуалы ауданына қарасты Ақсай және Мыңбұлақ ауылдық округтерінде ауыл мәдениетін дәріптейтін дәстүрлі шара – «Ауылым – алтын бесігім» атты өнер фестивалі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Фестивальдің басты ерекшелігі – сахна төрінде батырдың балалық шағы мен өмір жолынан сыр шертетін тағылымды естеліктердің көрініс табуы болды. Көрермендер батырдың өскен ортасы, тәрбиесі және елге сіңірген еңбегі туралы сахналық қойылым арқылы мағлұмат алды.
Кеш бағдарламасы ауылдың өз өнерпаздарының қатысуымен өтті. Ән мен жырдан шашу шашылып, ұлттық салт-дәстүр көріністері көрсетілді. Мәдениет үйінің ауласында бауырсақ пісіріліп, келген қонақтарға ұсынылды. Алтыбақан құрылып, жастар мен бүлдіршіндер ән айтып, ойын-сауық құрды.
Сонымен қатар, ауылдық кітапхана мен жергілікті қолөнершілер бірлесіп кітап және қолөнер көрмесін ұйымдастырды. Мұнда тарихи шығармалар, батырдың өміріне қатысты әдебиеттер және ұлттық бұйымдар жұрт назарына ұсынылды.
Бұл күн екі округ тұрғындары үшін өнер мен рухани мұраның, бірлік пен татулықтың мерекесіне айналды. Көпшілік үшін Бауыржан Момышұлының есімі тағы да асқақталып, ауыл мәдениетінің құндылығы айқын көрінді.