сәрсенбі, 17 желтоқсан, 2025 18:41

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Байзақ ауданы сапалы ауызсумен 100 пайыз қамтылды

Байзақ ауданы сапалы ауызсумен 100 пайыз қамтылды
Фото - Jambylinfo.kz
Өңірдегі 40 елдімекенге таза тіршілік көзі тартылған

Бүгін Байзақ ауданындағы Жаңасаз ауылында ауызсу нысаны ел игілігіне берілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 
Салтанатты шараға аудан әкімі Олжас Баққараев және ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында құттықтау сөз сөйлеген Олжас Баққараев жаңасаздықтарды нысанның ашылуымен құттықтап, биыл аудандағы барлық елдімекен таза ауызсумен қамтылғанын айтты. 

- Биыл ауданымызда жаңа 3 ауызсу имаратын салуға және құбырларды жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінген болатын. Бүгінде 17 ауылдық округ, 40 елдімекеніміз болса, бұл қолданысқа беріліп отырған соңғы нысан. Яғни, ауданымыз таза ауызсумен 100 пайыз қамтылып, Президент тапсырмасын орындап отырмыз, - деді аудан әкімі. 

Жобаның жалпы құны 435 млн теңгені құрайды. 50-ден аса үй, 300-ге тарта тұрғыны бар Жаңасаз үшін бұл маңызды нысан. Өйткені, ауылда жол, жарық, газ сынды әлеуметтік мәселелер түбегейлі шешілгенімен, ендігісі таза тіршілік нәріне қол жеткізу еді. Осылай деген ауыл қариясы Жұмахан Жәдіков жаңасаздықтардың талап - тілегі орындалғанын айтып, ризашылығын жеткізді. 

- Ауылда ауызсудан басқа мәселе жоқ еді. Басты мәселе де осы болатын. Себебі, таза тіршілік нәрінің болмауы күнделікті тіршілік үшін көп ауыртпашылық салды. Әсіресе, қыстыгүні қатты қиналатынбыз. Тіпті осы мәселенің шешілмегенінен қажып, ауылдан көшіп кеткендерді де көз көрді. Енді мінекей, тамаша шараға куә болып тұрмыз. Ауылымызға таза ауызсу беріліп отыр. Жалпы ауыл болып қуанып отырмыз, - деді Жұмахан Жәдіков. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы халықты 100 пайыз сапалы ауызсумен қамту туралы тапсырма берген. Бұл бойынша Жамбыл облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
 Биыл 13,9 млрд теңгеге 24 ауылдық елді мекенде және 9 тұрғын алқапта ауызсу нысандарының құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 19 елді мекенде және 5 тұрғын алқапта құрылыс жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар сапалы ауызсумен қамтылған. 
Қазіргі таңда 3 елді мекен мен 4 тұрғын алқапта құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандарды қабылдау-тапсыру рәсімдері жүргізілуде.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар