Жамбыл жаңалықтар

Байзақ ауданы сапалы ауызсумен 100 пайыз қамтылды

Өңірдегі 40 елдімекенге таза тіршілік көзі тартылған

Бүгін Байзақ ауданындағы Жаңасаз ауылында ауызсу нысаны ел игілігіне берілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 
Салтанатты шараға аудан әкімі Олжас Баққараев және ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында құттықтау сөз сөйлеген Олжас Баққараев жаңасаздықтарды нысанның ашылуымен құттықтап, биыл аудандағы барлық елдімекен таза ауызсумен қамтылғанын айтты. 

Жобаның жалпы құны 435 млн теңгені құрайды. 50-ден аса үй, 300-ге тарта тұрғыны бар Жаңасаз үшін бұл маңызды нысан. Өйткені, ауылда жол, жарық, газ сынды әлеуметтік мәселелер түбегейлі шешілгенімен, ендігісі таза тіршілік нәріне қол жеткізу еді. Осылай деген ауыл қариясы Жұмахан Жәдіков жаңасаздықтардың талап - тілегі орындалғанын айтып, ризашылығын жеткізді. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы халықты 100 пайыз сапалы ауызсумен қамту туралы тапсырма берген. Бұл бойынша Жамбыл облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
 Биыл 13,9 млрд теңгеге 24 ауылдық елді мекенде және 9 тұрғын алқапта ауызсу нысандарының құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 19 елді мекенде және 5 тұрғын алқапта құрылыс жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар сапалы ауызсумен қамтылған. 
Қазіргі таңда 3 елді мекен мен 4 тұрғын алқапта құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандарды қабылдау-тапсыру рәсімдері жүргізілуде.