Байзақтықтар 15 жыл көтерген мәселе оң шешімін тапты
Дәлірек айтқанда, Сарыбарақ ауылының тұрғындарының тілегі орындалды.
Байзақ ауданы Сарыбарақ ауылында жаңа мектеп бой көтерді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Байзақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша баспасөз туры ұйымдастырылды. Осы орайда қолына қалам ұстаған қауым өңір тұрғындары көп жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселелердің шешілу барысымен танысып, әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған жобаларға назар аударды.
Журналистер барған бірінші нысан - Сарыбарақ ауылында орналасқан орта мектеп. Жергілікті жұрт білім ошағының мәселесін 15 жыл бойы айтып келе жатыр. Өйткені, осы күнге дейін балалар білім алған нысан 1951 жылы салынған. Оның өзінде бастапқы кезеңде астық сақтайтын қамба қызметін атқарыпты. 2010 жылдан бері апатты деп танылған нысанда оқушылардың толыққанды білім алуына жағдай жасалмаған.

Ендігі ауыл тұрғындарының талап-тілегі негізінде екі қабатты мектеп бой көтерді. Жаңа оқу жылында оқушыларға құшағын айқара ашатын білім ұясы 100 орынға шақталған. Мұндағы құрылысты «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС-і былтыр сәуір айында бастап, жоспарға сәйкес белгіленген уақыттан бір ай ерте бітіріп отыр. Жобаның жалпы құны 1 321,835 млн теңгені құрайды. Мердігер компанияның директоры білім ошағын салғанда сапаға баса мән берілгенін айтып отыр.
Мектеп директоры Бағдат Әділдің сөзінше, мектепте 23 мұғалім бар. Ал, оның жетеуі жоғары санатты ұстаз. Оқу жылының басында 130-дан астам ауыл баласы жаңа оқу ордасында білім алады.