Биыл Таразда 216 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді – Бақытжан Орынбеков
- авторМағжан Орынбасар
- 16 қазан, 2025
- 326
Бүгін Тараз қаласы әкімдігінің бастамасымен баспасөз туры ұйымдастырылып, Масс-медиа өкілдері шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен танысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Алдымен тілшілер қауымы қаладағы жаңадан бой көтеріп жатқан «Балауса» (14) шағынауданында болды. Қазіргі таңда аталған шағынауданда 22 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Мердігер компания бұл нысандарды уақытынан ерте бітірмек. Келісім-шарт бойынша нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары 2026 жылға өтпелі. Алайда, бұл жұмыстарды 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Осылай деген қала әкімі Бақытжан Орынбеков тұрғын үйлердің сапасына баса мән берілгенін айтып, заманауи үлгіде салынып жатқанын жеткізді.
- Салынып жатқан үйлердің сапасына аса көңіл бөліп отырмыз. Жобалардың бәрі қасбетінен бастап егжей-тегжейлі қаралды. Мысалы, үйлердің қасбеті заманауи түрде қапталған. Сол секілді ішкі әрлеу жұмыстарына сапалы материалдар қолданылуда. Бұл жобаның бір ерекшелігі бар. Яғни, жертөледе әр пәтердің 5-6 шаршы метрді құрайтын қоймалары орналасқан. Сонымен қатар әлеуметтік маңыздылықты ескере отырып, шағын жеделсаты және ішкі алаңдық инженерлік желілері де қарастырылған, - деді әкім.
Шағынауданның егжей-тегжейлі жобалау жооспарына сәйкес мұнда 145 тұрғын үй, оның ішінде 64 танхаус, 81 көппәтерлі үйлер, 2 мектеп, 3 балабақша, онкологиялық диспансер, көпсалалы аурухана, профильді емхана, лицей интернаты, салтанат сарайы, инновациялық шығармашылық орталығы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, инженерлік құрылымдар, кәсіпкерлік нысандар бой көтереді.

Шаһар басшысы қала халқын тұрғын үймен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
- Бүгінгі таңда қала бойынша 23 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр. Кезекте тұрған азаматтарды үймен қамтамасыз ету – күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Бұл бағытта біз жүйелі, жоспарлы түрде жұмыс жасап жатырмыз. 2024 жылы қала аумағында 50 тұрғын үйдің құрылысы басталып, пайдалануға берілді. Ал, биыл 60 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бүгінгі күні шаһарда бас жоспарға сәйкес, 3 жаңа шағынаудан бой көтеріп жатыр. «Ұлы дала» мөлтекауданында 22 үйдің құрылысы, «Шапағат» мөлтекауданында 16 үйдің құрылысы, «Балауса» мөлтекауданында 22 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл үйлердің бәрі жыл соңында пайдалануға беріледі. Биылғы жылдың қорытындысымен қалада 216 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 266 пәтер сатып алуға біз 3,8 млрд қаражат бөліп, қосымша сатып аламыз. Бұның бәрі үй кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар, - деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.
Ұқсас жаңалықтар
Президент Жолдауы: Облыс әкімдігінде жиын өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 4 желтоқсан, 2025






