Жамбыл жаңалықтар

Депутат Олжас Құспеков Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, мәжіліс депутаты Олжас Құспеков облысқа іссапарымен келді.

Мәжіліс депутаты бірқатар нысандарды аралап, олардың жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Алдымен мәжіліс депутаты Бесағаш ауылына барып, шекарадағы автомобиль өткізу пунктін салу жобасымен танысты.  Оның айтуынша, аталған нысан еліміздің көлік-логистика бағытындағы даму стратегиясының күретамырына айналуы бек мүмкін.

Айта кетейік, 2024 жылдың желтоқсан айында құрылысы басталған жобаның жалпы құны 10, 9 миллиард теңгені құрайды. «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Абылайхан Ештайдың айтуынша, құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жүзеге асырылуда.

Көлік өткізу пунктінің жұмысымен толық танысқан мәжіліс депутаты әрі қарай зерделеу жұмыстарын жалғастырып, ҚР ҰҰ 5513 әскери бөліміне арнайы барды. Әскери бөлім қызметкерлері жауынгерлік дайындық барысындағы атқарылатын шараларды баяндап, жауынгерлік қару-жарақ пен әскери техникалардың жай-күйімен таныстырды.

Осы орайда бөлім қызметкерлері су құбырларының бұзылуы, ғимараттың ескіруі секілді мәселелерді қаузап, өз ұсыныстарын білдірді.

Өз кезегінде халық қалаулысы мәселелер ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

Мұнан соң Олжас Құспеков М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті әскери кафедрасының қызметкерлерімен жүздесіп, нысанның материалдық – техникалық базасымен де танысты. Сонымен қатар оқыту процесінің қалай өтіп жатқанына көз жеткізді.

Депутаттың облысқа сапары ертең Меркі ауданында жалғасады.