Жамбыл жаңалықтар

Депутаттар жаңа Заңға қатысты ойларын ортаға салды

Айта кетейік, комиссия жұмысы барысында Конституцияның 77 бабына өзгеріс енгізуді көздейтін жаңа жоба әзірленген

Жамбылда облыстық мәслихат депутаттары жаңа Заң жобасымен танысып, ел болашағын айқындайтын құжат жөніндегі ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиевтың төрағалығымен өткен жиынға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мен аудандық мәслихат төрағалары қатысты.

Жиында Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның мүшесі Абдалы Нұралиев жаңа Ата Заңның ерекшеліктері мен маңызына мән беріп өтті.

– Жаңа Конституцияның негізгі тұжырымдамалық өзегі – адам құқықтарына бағдарланған мемлекет құру. Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде жария етілді. Жаңа құжаттың екінші бөлімі адам құқығын қорғауға негізделген. Неке мен отбасы құндылықтары конституциялық деңгейде күшейтіледі. Жаңа құжатта адам – ең жоғары құндылық, ал оның құқығы мен бостандығы – басты талап. Үшінші бөлім «Президент» құзыретіне қатысты. Енді президенттік сайлау мен ант беру рәсімінің мерзімі, Мемлекет басшысының Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы аясындағы өкілеттіктері, сондай-ақ кадр мәселелері мен норма шығару функциялары өзгереді. Бөлімге вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне арналған жаңа норма енгізіледі. Конституция жобасының бесінші бөлімі «Үкіметке» арналып отыр, – деді Абдалы Нұралиев.

 

Айта кетейік, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия жұмысы барысында Конституцияның 77 бабына өзгеріс енгізуді көздейтін жаңа жоба әзірленген. Бұл жалпы мәтіннің 84 пайызын қамтиды. Бас қосуда жаңа Конституциялық жобаның азаматтық қоғам институттарына негізделгенін атап өткен Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай мұндай тәжірибе әлем елдерінде кеңінен қолданылатындығына тоқталды.

  

– Менің ойымша, Мемлекет басшысының бастамасы уақыт талабынан туындаған өте өзекті шешім. Маңызды бір ерекше жайтқа тоқталсам. Президент конституциялық реформаны біржақты шешім ретінде емес, кең қоғамдық талқылау арқылы жүзеге асыруды ұсынды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, табысты конституциялық реформалардың басты шарты – азаматтардың белсенді қатысуы. Мысалы, Исландияда жаңа Конституция жобасы қарапайым азаматтардан құралған кеңестің қатысуымен әзірленіп, қоғам пікірі әлеуметтік желілер мен ашық платформалар арқылы жиналды. Бұл үдеріс халықтың мемлекетке деген сенімін арттырып, азаматтық жауапкершілікті күшейтті. Ал Францияда конституциялық реформалар кезінде қоғамдық тыңдаулар, сарапшылар пікірлері және азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстары маңызды рөл атқарды. Мұндай тәжірибе шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, қабылданатын өзгерістердің сапасын арттырады. Біздің де реформамыздың көрінісі әлемнің дамыған, құқықтық жүйелері тең орныққан елдерге ұқсас болуында, – деді Кенжебек Мамашбайұлы.

 

Бұдан бөлек, жиында облыстық мәслихат депутаттары Гулам Омаров пен Жұмахан Тәнкебаев, облыстық мәслихаттың аға инспекторы Рүстем Байшекеев баяндама жасап, қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды. Айта кетейік, жаңа Конституция жобасы жалпыұлттық референдум арқылы қабылданады.