Жамбыл жаңалықтар

Ербол Қарашөкеев қоғамдық көлікпен жүріп, тұрғындардың талап-тілегін тыңдады

Қоғамдық көлік – қала тіршілігінің күретамыры! Өткен жылдан бері Таразда қоғамдық көліктердің санын арттыру, жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынған. Бұл бағыттағы үш жылдық жоспар екі жылда орындалды.

Дегенмен жыл басында Тараз қаласына қосылған он төрт елді мекеннің тұрғындары тарапынан соңғы кездері шағым жиілеген болатын. Осы орайда Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев тасымалдың жай-күйімен танысу үшін қала әкімі Бақытжан Орынбековпен бірге екі бағыттағы қоғамдық көлікке мініп, тұрғындармен тілдесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Талас станциясынан бастап (№62 маршрут) қозғалған алғашқы бағытта облыс басшысы қоғамдық көліктің сапасы, қозғалыс жиілігі мен халықтың жолға жұмсайтын уақыты жөнінде жолаушылардың пікірін тыңдады.

Жолаушылар уақыт жиілігі көңілден шықпайтынын, аялдамалар салу, осы бағыттағы автобустардың санын арттыру мәселелерін көтерді.

Келесі кезекте аймақ басшысы Қызыл Жұлдыз (№1 маршрут) елді мекеніне қатынайтын автобусқа мініп, бұл бағыттағы да ахуалды бағамдады. Ондағы көліктер ескі, тар, халыққа ыңғайсыз екені анық байқалды.

Айта кетейік, өткен жылы қаладағы автобустар саны 330-дан 437-ге дейін, күнделікті қызмет көрсетуге шығатын автобустар саны 270-тен 360-қа дейін артты.

Жалпы, 2023 жылдан бүгінге дейін Тараздағы қоғамдық көлік парктері 290 жаңа заманауи автобуспен толыққан. Ағымдағы жыл соңына дейін тағы 70 автобус жеткізіледі деп жоспарлануда. Ол бойынша тұрғындар сұранысына сәйкес жаңа маршруттар ашылып, қаланы қоғамдық көлікпен қамту мәселесі толықтай шешілмек.