Интернет алаяқтары: виртуалды қауіптің шынайы беті
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 18:30
- 37
Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Уалихан Ағыбаев елімізде интернет-алаяқтық қылмыстары өршіп тұрғанын ескеріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңбұзушылықтың алдын алуға бағытталған батыл шаралар қабылдауды тапсырғанын айтады.
Осы орайда облыстық полиция департаментінде интернет-алаяқтықпен байланысты қылмыстардың алдын алу, ашу және тергеп-тексеру сапасын арттыру мақсатында үйлестірушілік шаралар қабылданып, құзырлы органдардың қатысуымен әртүрлі форматта мекемеаралық жиналыстар өткізілген.
–Биыл полиция департаменті облыс прокуратурасымен бірігіп интернет-алаяқтықты жасау тәсілдерін ескере отырып «CyberShekteuTaraz» телеграмм-ботын әзірледі. Қазіргі таңда аталған бот арқылы интернеттегі қатерлі сілтемелер, алаяқтардың ұялы телефон нөмірлері, әлеуметтік желілер мен маркетплейстарда жалған жарнамалар секілді 500-ге жуық жаңсақ мәліметтер түсіп, оларды бұғаттау шаралары атқарылуда. Сонымен қатар облыстық полиция департаменті күнделікті жұмысында Ұлттық банктің «Антифрод орталығының» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып келеді. Аталған орталыққа күдік тудырған 4 115 банктік есепшот туралы ақпарат жолданып, олардың 2 242-сі бұғатталды, ал қалғандары бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ телефонды қолдану арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының да өршіп тұрғандығын ескеріп, мамандарымыз «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен және байланыс операторларымен «Сим-бокс» құралдарын анықтауға арналған шаралар атқаруда. Бірлесіп атқарылған жұмыстар нәтижесінде Тараз қаласы аумағынан қылмыскерлерге әртүрлі нөмірлерден қашықтықтан байланысу мүмкіндігін беретін 128 слоттық «Сим-бокс» анықталып, күдікті қамаққа алынып, оған қатысты тергеу жүргізілуде. Қазір интернет-алаяқтарға қылмыс жасауға көмектескен, яғни қаражаттарды есепшоттардан шешіп берген немесе біреулерге өз есепшоттарын пайдалануға берген азаматтардың (дропперлер) жауаптылығы күшейтілуде, – деген Уалихан Сәмбетұлы 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қылмыстық кодекске жаңа 232-1 бап енгізілгенін жеткізді.
Жаңа бапта банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдерді және ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру бойынша жауапкершілік қарастырылған. Іс-әрекеттің ауырлығына, сипатына және алынған пайда мөлшеріне қарай 232-1-бап мүлікті тәркілей отырып 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сол секілді 30 қыркүйектен бастап ҚР тұтынушылық кепілсіз онлайн-қарыздар беру кезінде міндетті «салқындату» кезеңі енгізілді. Салқындату кезеңінің негізгі мақсаты – қарыз алушыға шешім қабылдауға уақыт беру, осылайша қарыз шартын асығыс жасау немесе алаяқтық схемаларға тарту ықтималдығын азайту. Осы орайда Уалихан Сәмбетұлы тұрғындарды өз есепшоттарын өзге азаматтарға қолдануға мүлдем бермеуге және бөтеннің сұрауы бойынша есепшоттардан қаражат шешпеуге кеңес берді.





