Көктемгі шақыру науқаны жоспарға сәйкес жүргізілуде – Нұрбол Зейнелов
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 12:36
- 1
Жамбыл облысы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Нұрбол Зейнелов көктемгі шақыру науқаны жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның сөзінше, жергілікті атқарушы органдармен, қорғаныс істері жөніндегі басқарма, бөлімдермен және медициналық ұйымдармен бірлесіп, шақырылушыларды іріктеу, медициналық куәландырудан өткізу және әскерге жөнелту жұмыстары ұйымдастырылған.
- Қазіргі таңда, Жамбыл облысының жергілікті әскери басқару органдарымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін жас буынмен толықтыру жүргізілуде. Әскерге шақырудан кейінге қалдыру Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 35-бабында көзделгендей отбасы жағдайлары бойынша, білім алуды жалғастыру үшін, денсаулық жағдайы бойынша, және де тағы басқа да себептер бойынша беріледі. Әскерге шақырудан босату жоғарыда аталған Заңның 36-бабында нақты белгіленген негіздер бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылғандарға, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендерге, ғылыми дәрежесi бар азаматтарға, тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлеріне қолданылады. Айта кетуі керек, әскерге шақырудан кейінге қалдыру немесе босату шақыру комиссиясының қорытындысы негізінде, Қазақстан Республикасының заңнама талаптарына сай, ұсынылған құжаттарды жан – жақты қарау арқылы қабылданады. Атап айтқанда, күндізгі бөлімде оқитынын растайтын құжат, медициналық ұйымдардың қорытындылары және тиісті мемлекеттік органдар беретін ресми құжаттар және тағы басқа негізде беріледі. Барлық ұсынылған құжаттар шақыру комиссиясында қаралып, олардың заңдылығы тексеріледі. Соның нәтижесінде ғана кейінге қалдыру немесе босату туралы шешім қабылданады, - деді ол.




