Көрме залы – мәдениет пен руханият тоғысқан мекен
- авторБақытжан Бекболат
- 19 тамыз, 2025
- 474
Жамбыл өңірі Қазақстан бойынша этностардың көптігі мен орналасуы жағынан екінші орын алады. Сол себепті Көрме залында әр этностың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен мәдениетін көрсететін бұйымдар мен жәдігерлер қойылған. Қазіргі таңда көрмеге келушілердің қарасы қалың, ал залда түрлі форматтағы шаралар, тақырыптық көрмелер мен экспозициялық алаңшалар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.
Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану (Қазақтану)» жобасы аясында залда үш үлкен алаңша ашылды. Соның бірі – қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптейтін алты қанатты киіз үйдің жарты моделі «Алтын шаңырақ». Бұл алаңшада сырға салу, қыз ұзату, келін түсіру, төс қағысу сияқты салт-дәстүрлер, асық ату, ханталайпай сынды ұлттық ойындар, ән айту мен домбыра тарту, Наурыз мейрамын тойлау, киіз басу, жіп иіру, тақия жасау сияқты шеберлік сабақтары өткізілуде.
Сонымен қатар, «Ұлттық киім құндылықтары – ұрпаққа мұра» және «Ұлттық бас киімдер әлемі» атты экспозициялар арқылы өңірдегі этностардың ұлттық киімдері мен бас киімдері таныстырылған. Экспозицияға аймақтағы этномәдени бірлестіктердің қуыршақтарына киімдер киізіліп, қолөнер шеберлері әзірлеген бұйымдар қойылды.
Өскелең ұрпақтың ұлттық рухын оятуда бейнелеу өнерінің де орны ерекше. Көрме залында қылқалам шеберлерінің, қолөнершілердің тақырыптық көрмелері ұйымдастырылып, түрлі этностардың өнер туындылары көрермен назарына ұсынылады. Былтыр Достық үйінде 18 көрмеге 4087 адам қатысып, 27 экскурсияда 667 адам қамтылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы мен жетістіктері» атты көрме ұйымдастырылып, онда 40-қа жуық тарихи суреттер, этномәдени бірлестіктердің құрылу архивтері, жарық көрген кітаптар мен кәдесыйлар қойылды. 14 күнде көрмені мыңға жуық адам тамашалады. Сондай-ақ, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлік пен келісім жолында 30 жыл» атты экспозиция ашылып, Ассамблея ардагерлерінің жеке заттары, медальдары, фотосуреттері мен құжаттары көрсетілуде.
Биыл Көрме залы жұмысы одан әрі жанданып, «Елтану (Қазақтану)» жобасы аясында «Музыкалық аспаптар әлемі» атты экспозиция ашылады деп жоспарланған. Сонымен қатар, тамыз айынан бастап келесі жылдың наурыз айына дейін этномәдени бірлестіктер мен этностар жинаған өнер және этнография коллекцияларының көрмесі ұйымдастырылады.
Көрме залы – этностардың мәдениетін сақтап, жаңа буынға рухани азық беретін ерекше мекенге айналғанын дәлелдейді. Мұнда әр келуші түрлі халықтардың тарихымен танысып, олардың өнері мен дәстүріне куә бола алады.






