дүйсенбі, 8 желтоқсан, 2025 21:02

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Құмар ойынның құрбаны болғандар: Көрсеткішті төмендету мүмкін бе

Құмар ойынның құрбаны болғандар: Көрсеткішті төмендету мүмкін бе
Фото - ашық дереккөз
Заңсыз ойын бизнесі «көлеңкелі» экономиканың елеулі бөлігіне айналып отыр

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Нұрбол Рахметов пен облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігер-психиатры Айдана Османова заңсыз ойын-сауық бизнесіне және лудоманияға қарсы іске асырылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 
Спикерлердің айтуынша, заңсыз ойын бизнесі «көлеңкелі» экономиканың елеулі бөлігіне айналып отыр. Оған қарсы жүйелі іс-шаралар жүргізу – өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын сақтау және жастардың психикалық денсаулығын қорғау үшін аса маңызды.
Заңсыз ойын бизнесіне қатысты деректер
Нұрбол Рахметовтің мәліметінше, 2024 жылы Тараз және Шу қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 4 дерегі анықталып, олардың барлығы бойынша қылмыстық істер қозғалып, сотқа жолданған.
Соңғы 6 жылда өңірде осындай 46 факт тіркелген, оның 44-і сот қарауына жіберілген.
Биыл заңсыз ойын-сауық бизнесінен түскен табысты заңдастыру фактісі бойынша тағы бір іс аяқталып, ұйымдастырушы 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.
Сонымен қатар департамент интернет-алаңдарға тұрақты мониторинг жүргізуде:
•    2024 жылы – 4,3 мыңнан астам,
•    2025 жылдың 10 айында – 6 мыңнан көп заңсыз сілтеме бұғатталған.
Спикер азаматтарға арнайы рұқсат етілмеген аймақтарда ойын бизнесін ұйымдастырудың заңсыз екендігін және Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертті.
Лудоманияның қауіптілігі
Дәрігер-психиатр Айдана Османова құмар ойындарға тәуелділіктің қоғамға тигізіп отырған психологиялық, әлеуметтік және экономикалық зардаптарына тоқталды. Оның айтуынша:
•    Лудомания бүгінде онлайн ортаға кеңінен ауысып, жастарды белсенді тартып отыр;
•    Бұл тәуелділік алкоголизм мен нашақорлық секілді ауыр дерттердің қатарында;
•    Отбасылық жанжалдар мен қылмыстық жағдайлардың өсуіне әсер етеді;
•    Қазақстандағы ажырасулардың 40 пайызы бір тараптың құмар ойынға әуестігі салдарынан болады.
Үкімет 2024–2026 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылдап, ойын жарнамаларына тыйым салу, ойынға қатысу жасын 25 жасқа дейін көтеру, қарызгер және несие төлемеген азаматтарға ойынға кіруге шектеу қою сияқты шараларды іске асыруда.
Дәрігер лудоманияның негізгі клиникалық белгілерін түсіндіріп, тәуелділікті ерте мойындау мен мамандандырылған көмекке жүгінудің маңызын ерекше атап өтті. Облыстық психикалық денсаулық орталығы бұл бағытта кәсіби көмек көрсетеді.

Жасөспірімдер арасындағы лудоманияның өсімі
Айдана Османованың айтуынша, соңғы жылдары лудомания «жасарып» келеді. Орталыққа кеңес алуға 4–5-сынып оқушыларын алып келетін ата-аналар көбейген.
Жасөспірімдердің ата-анасының шотынан ақша шешіп, ойынға тігуі, туыстардан ата-анасының атынан қарыз алуы сияқты жағдайлар да тіркелуде.
Брифинг соңында спикерлер қоғамды бұл мәселеге бей-жай қарамауға, балалар мен жастардың интернеттегі әрекеттерін қадағалауға және қажет болған жағдайда мамандардың көмегіне жүгінуге шақырды.
 

Бөлісу:
Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар