Меркі ауданында заманауи қонақ үй ашылды
Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек пен компания басшылығы мен инвесторлар қатысты
Бүгінде кез келген елдің туристік әлеуетін дамыту үшін инфрақұрылымды қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі саналады. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы да еліміздің Орта Азиядағы көлік хабына айналу қажеттігін, баса айтып келеді. Осы мақсатта Батыс Еуропа - Батыс Қытай халықаралық дәлізінің Меркі ауданындағы торабында «Qazaq Oil» компаниясының алғашқы жол бойындағы Keruen Inn қонақ үйі ашылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек пен компания басшылығы мен инвесторлар қатысты.

Салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген Әбілхайыр Ғалымұлының айтуынша жаңа нысан тек жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, аудан тұрғындарын да жұмыспен қамтымақ.
Жалпы ауданы 900 шаршы метрден асатын қонақ үйде 31 бөлме бар.Олардың әрқайсысы жеке душ, ванна бөлмесі, теледидар және тегін Wi-Fi желісімен қамтылған. Кешен аумағында тағамдардың кең таңдауы бар кафе, қорғалатын тұрақ, кір жуу орыны мен намазхана, жолға арналған тауарлары бар дүкен, жанармай құю станциясы және электромобильдерді зарядтау орындары бар. Сонымен қатар мұнда қонақтар үшін гигиеналық косметика және қалалық қонақ үй деңгейіне сәйкес келетін барлық ыңғайлылықтар қарастырылған. Ал алғашқы нысанның дәл біздің облыста салынуына аймақтың транзиттік әлеуеті түрткі болған.

Филиал басшының сөзінше, осы жылы төрт қонақ үй салу жоспарланған. Оның алғашқысы облысымызда ашылған болса, келесілерін Қызылорда, Абай облысы мен Батыс Қазақстан облысында ашу жоспарланған.