жұма, 5 желтоқсан, 2025 14:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мырзатай ауылындағы мәдениет ошағына кітап оқуға келетіндер көп

Мырзатай ауылындағы мәдениет ошағына кітап оқуға келетіндер көп
Фото - Jambylinfo.kz
Ауылдық клубта сахнамен қатар, кітапхана да бар.

Байзақ ауданында елді мекендердің мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Соңғы жылдары аудан аумағында жаңа мәдениет үйлері мен кітапханалар бой көтеріп, тұрғындардың рухани-мәдени сұранысын қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінуде. Соның бірі - Мырзатай ауылдық округінде жаңадан ашылған 120 орындық мәдениет ошағы.
Ауылдық клубтағы кітапханада түрлі кітап бар. Жергілікті ақын-жазушылардан бастап, шетелдік қаламгерлердің туындылары осындағы сөрелерден орын тапқан. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының сөзінше, бұл нысанның ашылуы ауыл жастарының рухани дамуына үлкен серпін берген. Қазірдің өзінде жазғы демалысты ұтымды пайдаланғысы келген оқушылар мен зейнеттегі қарияларға дейін кітапханаға келіп, түрлі шығармаларды парақтайды екен. 

- Өздеріңіз білесіздер, биыл облыс әкімінің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы жүзеге асуда. Осыған орай аудан көлемінде іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Тіпті осыдан біршама уақыт бұрын Тараз қаласында кітап көрмесін де өткіздік. Бұдан бөлек, аудандық кітапханаларда, мәдениет үйлерінде мәдени-рухани шаралар ұйымдастырылып келеді. Ауыл-ауылда жылжымалы кітапхана жүріп жатыр. Мысалы, Мырзатау ауылында ашылған осы клубтың қазір оқырмандары бар. Түрлі үйірмелер де ашылған. Оған қатысушылар аз емес, - деді Сәкен Сыздықов. 

Байзақ ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі КММ-сі тапсырысы аясында құрылысын мердігер «Ник Тараз» ЖШС  жүргізген ғимараттың жобалық құны 266 911,5 мың теңгені құраған.
 Онда 6 қызметкер, 4 үйірме яғни, «Сымбат» ән үйірмесі, «Аяулы әжелер» үйірмесі, «Сөз патшасы» мәнерлеп оқу үйірмесі, «Балауса» би үйірмесі жұмыс істейді. Жалпы аумағы 547 м² құрайтын нысан елді мекендегі тұрғындардың игілігі үшін қызмет көрсетеді. 

- Жалпы Байзақ ауданы бойынша 19 ауылдық клуб бар. Оның ішінде біреуі ыңғайластырылған. 18-і типтік ғимаратта орналасқан. Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 6 нысан пайдалануға берілді. Мәселен, 2020 жылы Көкбастау, Бурыл, Жетібай ауылдарында клуб соғылса, 2023 жылы Тегістік ауылында ашылды. Былтыр Кеңес ауылында 90 орындық мәдениет үйі ел игілігіне берілді. Жалпы, Байзақта 41 елдімекен болса, соның 20-да халық саны мыңнан асқанда ғимарат болуы керек. Бүгінгі күніге мәдениет үйін қажет ететін 3 ауыл қалып отыр. Бұл бойынша басқармаға ұсыныс бергенбіз. Облыстың 2027 – 2028 жылдарға арналған дамцу картасына енгізілді, - деді мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы. 

Айта кетейік, алдағы уақытта Ақжар, Ақшолақ, Базарбай ауылдарында  мәдениет ошақтары салынбақ.  Осылайша аудандағы барлық елдімекен  мәдениет нысандарымен 100 пайыз қамтылады.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар