жұма, 10 сәуір, 2026 20:41

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Облыс әкімі жамбылдық су добы спортшыларымен кездесті

Облыс әкімі жамбылдық су добы спортшыларымен кездесті
Жамбыл облысының әкімдігі
Шара барысында Азия чемпионатының жүлдегерлеріне 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Малайзияның Куала-Лумпур қаласында 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен су добынан Азия чемпионатында жүлдегер атанған спортшылармен кездесіп, оларға құрмет көрсетті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Кездесуге ҚР су спорты түрлері федерациясының бас хатшысы, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, сондай-ақ су добынан Қазақстан Республикасының ерлер және әйелдер ұлттық құрамаларының жаттықтырушылары қатысты.

Қазіргі таңда өңірде су добы спорт түрімен 477 спортшы айналысып, оларға 12 жаттықтырушы жетекшілік етуде. Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы әйелдер құрамасының 90 пайызы және ерлер құрамасының 60 пайызы – Жамбыл облысының спортшылары.

2026 жылғы 9-15 наурыз аралығында Малайзияның Куала-Лумпур қаласында 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында су добынан Азия чемпионаты өтті. Аталған додаға 7 елден 226 спортшы қатысты.

Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Жамбыл облысынан 15 спортшы (7 ұл, 8 қыз) өнер көрсетті. Нәтижесінде қыздар құрамасы күміс жүлдеге ие болса, ұлдар құрамасы қола жүлдегер атанды.

Су добы спортшылары үшін биылғы жылдың басты жарысы – Жапонияда өтетін ХХ Жазғы Азия ойындары. Бұл додаға Жамбыл облысынан 19 спортшы үміткер ретінде тіркелген.

Кездесу барысында өңір басшысы спортшылардың ел абыройын асқақтатып жүрген еңбегін жоғары бағалап, алғыс білдірді.

– Сіздердің жетістіктеріңіз – табандылық пен ерік-жігердің айқын дәлелі. Әрбір жеңістің артында ұзақ жылғы еңбек, жаттықтырушылар мен жақындардың қолдауы, сондай-ақ өздеріңіздің биік мақсатқа деген ұмтылыстарыңыз жатыр. Спортшыларды дайындауда бар білімін, тәжірибесін арнаған жаттықтырушыларға ерекше ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да жарқын жеңістер мен толағай табыстарға жете берулеріңізге тілектеспін. Еліміздің көк туы халықаралық ареналарда биікте желбіреп, әнұранымыз шырқала берсін! – деді Ербол Қарашөкеев.

Шара барысында Азия чемпионатының жүлдегерлеріне 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Өз кезегінде Дмитрий Баландин Жамбыл облысында су добы спортының тарихы тереңде жатқанын атап өтіп, спортшыларға көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ жиында су добынан Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Әсел Жақаева, Азия чемпионатының қола жүлдегері Нұрбек Болатбек және ұлттық құраманың капитаны Анастасия Миршина сөз сөйледі.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар