Облыстық Бокс федерациясының президенті үздік спортшыларды марапаттады
19–30 сәуір аралығында Иордания астанасы Амманда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында еліміздің намысын қорғаған 6 жамбылдық спортшы керемет нәтиже көрсетті
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, облыстық Бокс федерациясының президенті Серік Сәлемов халықаралық және республикалық додаларда топ жарған өңір спортшыларымен және олардың бапкерлерімен кездесіп, арнайы марапаттады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиында бокстан жасөспірімдер, жастар және U22 жас санатында өткен Азия чемпионаттарының, ҚР VI жастар спорт ойындарының және халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ олардың жеке бапкерлері құрметке бөленді.
Федерация президенті Серік Жақсылықұлы мен вице-президент Әділхан Қайратұлы үздік боксшылар мен бапкерлерге қаржылай сертификаттар табыстап, алдағы уақытта да спортшыларға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жиынды ашқан Серік Жақсылықұлы бұл кездесудің тек ресми жиын емес, табандылық пен еңбекқорлықтың, намыс пен жеңістің мерекесі екенін атап өтті.
Серік Сәлемов атап өткендей, 19–30 сәуір аралығында Иордания астанасы Амманда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында еліміздің намысын қорғаған 6 жамбылдық спортшы керемет нәтиже көрсетті. 64 келіде Мейіржан Шәді қола жүлдеге ие болса, 80 келіде Мұхамедәлі Рүстембек Азия чемпионы атанды. Бұрымды боксшылар арасында Тұрсынбек Дильяра чемпион атанып, Әбдікерім Айдана мен Қоңырат Эльнура қола жүлдемен оралды.

Шри-Ланка астанасы Коломбода өткен жастар мен U22 санатындағы Азия чемпионатында да өңір намысын қорғаған үш спортшы – Виктория Байдукова, Жарасқызы Жібек және Досымжан Таңатар – алтын медаль жеңіп алып, ел абыройын асқақтатты.
Сондай-ақ, 21–26 сәуір күндері Қызылордада өткен ҚР VI жастар спорт ойындарында жамбылдық боксшылар жоғары нәтиже көрсетті. Ерлер құрамасы 1 алтын, 4 күміс, 4 қола медальмен төртінші орынға тұрақтаса, қыздар құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 5 қола жүлдемен ел бойынша екінші орынды иеленді.
Сондай-ақ Германияның Нюрнберг қаласында өткен халықаралық турнирде Жүніс Мейіржан алтын медаль жеңіп алып, елімізге қуаныш сыйлады.

Кездесу барысында Азия чемпионаттары мен жастар ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және олардың жеке бапкерлері арнайы марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, жиында жуырда тағайындалған облыстық бокс федерациясының вице-президенті Қайрат Әмірхановқа ресми куәлік табыс етілді.
Жиында сөз алған Жамбыл облысының жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Ғани Жайлауов алғысын жеткізді.
Өз кезегінде Азия чемпионы Виктория Байдукова мен Досымжан Таңатар алғыстарын білдіріп, алдағы жарыстарда да ел сенімін ақтауға бар күштерін салатындарын айтты.
Жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, салтанатты шара өз мәресіне жетті.