Ш. Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында қазақ әдебиетінің ақ гүлі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Жамбыл облысының құрметті азаматы, ақын Күләш Ділдәқызы Ахметованың 80 жылдық мерейтойына арналған «Поэзия жауһары» атты жыр сандық кеші өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шараның мақсаты – ақынның бай поэзиялық мұрасын кеңінен таныстыру, оның шығармашылығы арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, поэзияға деген сүйіспеншілікті арттыру және ұлттық әдеби мұраны насихаттау арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке, көркем сөз өнерін бағалауға тәрбиелеу.
Кеш барысында Күләш Ділдәқызының шығармашылығына арналған музыкалық экспозиция ұйымдастырылып, оның жүрекке жетер жырлары көркем мәнерде оқылды. Сондай-ақ ақын сөзіне жазылған әндер орындалып, кештің мазмұнын аша түсті.
Зиялы қауым өкілдері ақынның шығармашылық жолы туралы тағылымды естеліктерімен бөлісіп, оның поэзиясының көркемдік ерекшелігі мен қазақ әдебиетіндегі орнын атап өтті.
Іс-шара қатысушылардың жүрегіне жылы әсер қалдырған, мазмұны терең әдеби кеш ретінде есте қалды.





