Жамбыл жаңалықтар

Психолог күні – адам жанына араша болатын мамандарға құрмет

Іс-шара аясында мамандарға құрмет көрсетілді

Психолог күніне орай Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №58 мекемесінде салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Аталған мерекелік жиын адам жанының тыныштығы мен ішкі үйлесімін сақтауға зор үлес қосып жүрген психолог мамандарға құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД №58 мекеме бастығы әділет подполковнигі Р.Н. Жапаров психолог мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап,өз сөзінде психологтардың түзеу мекемелеріндегі қызметкерлер мен сотталған азаматтардың психологиялық жағдайын тұрақтандыруды, шиеленісті жағдайлардың алдын алуды, сондай-ақ ұжымдағы жағымды моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруды атқарып жүрген еңбектерін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, әділет подполковнигі Е.Е. Төребеков  құттықтау сөз сөйлеп, психологтардың кәсібилігі, сабырлықпен адамгершілік қасиеттер, қызмет барысында аса қажет екенін тілге тиек етті. Ол психолог мамандардың күнделікті тынымсыз еңбегі көп жағдайда көзге көрінбегенімен, оның нәтижесі қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Мерекелік іс-шараға тәрбие бөлімінің бастығы Е.Н. Набатов пен тәрбие бөлімінің жасақ бастықтары да қатысып, психологтарды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтады.
Жоғары кәсібилігі және қызметтік міндеттерін үлгілі атқарып жүргендері үшін алғыс білдіріліп, естелік сыйлықтар табысталды.
Іс-шара соңында қатысушылар психолог мамандарға мықты денсаулық, шығармашылық табыс, қызмет жолында толағай жетістіктер мен адам жанына шипа боларлық сарқылмас күш-қуат тіледі.