Жамбыл жаңалықтар

"Құрмет" орденіне ие болған Мұратбек Нысанов қалай табысты кәсіпкерге айналды

Қараша айының ортасында Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің II форумы еліміздің агросекторындағы маңызды оқиғалардың бірі болды.

Жиында Президент бұған дейін егін шаруашылығын дамыту бағытында біраз жұмыс жүргізілгенін, жақсы нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті. 

Сондай-ақ Президент Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында табысқа жеткен әрбір кәсіпкерді өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосуға шақырған еді. 

Осындай ел дамуына шынайы үлес қосып жүрген жандардың бірі – жуалылық кәсіпкер, «Ali-Ko Sut-2023» ЖШС директоры Мұратбек Нысанов.

2021 жылы Б.Момышұлы ауылында ашылған шағын сүт цехы бүгінде өңірге ғана емес, республикаға танылған серіктестікке айналды. 

Мұратбек Нысанов басқаратын кәсіпорын экологиялық таза өнімдерімен нарықта тұрақты сұранысқа ие.

Зауыт толықтай заманауи қондырғылармен жабдықталған: пастерлеу аппараттары, ірімшік ванналары, сепаратор, май және құрт дайындауға арналған құрылғылар Ресейден сатып алынған.

Алғашқы жылдары өндірісті жолға қою, нарыққа шығу сияқты қиындықтар болса, бүгінде кәсіп орнықты даму жолына түскен.

Қазіргі таңда мұнда 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал өнім түрлері сегіз атаудан асады: сарымай, қаймақ, айран, сүзбе, құрт, ірімшік, чечил, брынза.

Өнім Жуалы ауданы мен Тараз қаласында ғана емес, Алматы, Астана, Ақтау, Атырау қалаларында да сатылып, тұтынушылар сеніміне ие болып келеді.

Зауыт алғаш ашылған кезде күнделікті 500 литр сүт өңдесе, бүгінде сұраныс артқан маусымдарда 4 тоннаға дейін шикізат қабылдай алады. Қазіргі уақытта жергілікті тұрғындардан тәулігіне шамамен 2 тонна сүт жиналып, одан жарты тоннадай дайын өнім нарыққа жөнелтіледі.

Бұл – өңірдегі сүт кластерін дамытуға қосылған айтарлықтай үлес.

Елордадағы форумда Мұратбек Нысановтың ауыл шаруашылығы саласындағы еңбегі еленіп, ол Мемлекеттік награда – «Құрмет» орденімен марапатталды.

Кәсіпкер бұл қуанышты сәт жайлы былай деді:

Зауыт ішіндегі жұмыстың қызу қарқыны кәсіпорынның дамуын айқын көрсетеді. Технологтан бастап зертханашыға, ірімшік пен құрт жасайтын мамандарға дейін әр қызметкердің еңбегі – тұтас бір өндірістің тірегі.

Еңбеккерлердің адал еңбегі мен маңдай тері – елдің дамуына қосылған үлес екеніне ешбір дау жоқ. Ендеше, іске сәт!