Жамбыл жаңалықтар

Сарыкемерлік оқушылар “Жас бүркіт” сыныбына қабылданды

Байзақ ауданына қарасты Сарыкемер ауылында орналасқан №1 мектеп-гимназиясында ерекше маңызға ие патриоттық шара өтті.

Бүгін мұнда 8–10 сынып оқушылары “Жас бүркіт” әскери-патриоттық сыныбына қабылданып, салтанатты түрде ант берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Шараға 5513 әскери бөлімінің сарбаздары, әскери оркестр мен Ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақайдар Дәулетұлы жас бүркіттерге ел қорғаудың қасиетті борыш екенін еске салып:

— Нағыз азамат елінің тағдырына бейжай қарамайды. Бүгінгі ант – сендердің ертеңгі ерлік жолдарыңның бастауы. Адалдық пен батылдық – әрбір жауынгердің басты ұстанымы болуы тиіс, — деген мазмұнды тілегін білдірді.

Ал 5513 әскери бөлімінің өкілдері жас бүркіттердің бұл ант қабылдау сәтін болашақ ер азаматтың ел алдындағы алғашқы қадамы деп бағалап, олардың рухын көтерді.

Мектеп ұстаздары мен ата-аналар да бұл сәтті толқыныспен қабылдады.

Мектеп директоры Мұрат Рысбекұлы “Жас бүркіт” сыныбының басты мақсаты – жас буынды тәртіпке, намыс пен жауапкершілікке тәрбиелеу екенін атап өтті.

— “Жас бүркіт” сыныбы – тек әскери бағыттағы бағдарлама емес, ол – ерлікке, тәртіпке, азаматтық жауапкершілікке тәрбиелейтін үлкен мектеп. Біз болашақ ел қорғаушылардың рухты, білімді, намысты болып өсуіне үлес қосып келеміз, — деді Мұрат Рысбекұлы өз сөзінде.

Ант қабылдау кезінде оқушылар Отанға адал болуға, ел тыныштығын сақтауға және тәртіпті өмірлік ұстаным етуге серт берді.

Іс-шара соңында жас ұландарға естелік сыйлықтар табысталып, ардагерлер ақ батасын берді.