Жамбыл жаңалықтар

«SERPIN WAY 2.0» керуені Таразда қорытынды жиынын өткізді

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті екінші жыл қатарынан еліміздің оңтүстік өңірлерін қамтитын «SERPIN WAY» бірегей ақпараттық-насихат жобасын жүзеге асыруда.

Жоба аясындағы ақпараттық топ бірер күн бұрын Жамбылға арнайы ат басын бұрып, Қордай, Т. Рысқұлов, Меркі аудандарында кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Сапардың финалдық кездесуі Тараз қаласындағы №69 мектепте ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

 Кездесулер барысында жобаның мақсаты мен мемлекеттік бағдарламаның артықшылықтары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сондай-ақ университет өкілдері болашақ талапкерлерге оқу орны ұсынатын мүмкіндіктер мен мемлекеттік жеңілдіктер жайлы айтты.

Оқушылар мен ата-аналарға арналған шараға танымал блогер Бурахан Даханов қатысып, жастарға солтүстік өңірдің көбіне айтыла бермейтін танымдық қырларын баяндады.

Шығармашылық топтың дайындаған концерттік бағдарламасы, әзіл мен әнге толы қойылымдары түлектердің оқу орнына деген қызығушылығын арттыра түсті.

Биылғы «SERPIN WAY 2.0» керуені ауқымын кеңейтіп, сапар аясы жаңа кезеңге көтерілді. Жаңа бағыт 14 қала мен 16 ауылдық елді мекенді, аудан орталықтарын қамтып отыр.

Аталған керуен Петропавл қаласынан 31 наурыз күні сапарға шықты. 23 күнге созылатын экспедиция барысында университет оқытушылары, студенттер мен қызметкерлер, қоғам қайраткерлері және қалалық Мансап орталығының өкілдерінен құралған топ Қазақстан бойынша 6 мың шақырымнан астам жол жүріп өтеді. Керуен құрамы Қарағанды, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облыстарын аралап, жергілікті әкімшілік өкілдерімен, мектеп бітіруші түлектермен және олардың ата-аналарымен тікелей кездесулер өткізуде.

 «SERPIN WAY 2.0» керуен жобасының жетекшілерінің бірі, университеттің маркетинг бөлімінің басшысы Олжас Мұхтардың айтуынша, аталмыш жоба ректор Ербол Исақаевтың бастамасымен қолға алынып, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Керуен Жамбыл жеріне табан тірегенге дейін 9 өңірді аралап үлгерген. Енді Түркістан мен Қызылорда облыстарына бағыт түзеуді жоспарлауда.