жұма, 5 желтоқсан, 2025 20:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Шу аудандық ауруханасы пациентпен бітімге келді: 2 млн теңге өтемақы төленеді

Шу аудандық ауруханасы пациентпен бітімге келді: 2 млн теңге өтемақы төленеді
Pixabay.com
Бұл туралы Жоғары соттың баспасөз қызметі мәлімдеді

Жамбыл облысында Шу қаласының тұрғынына қатысты медициналық дауға нүкте қойылды. Пациент пен аурухана арасындағы іс сотта қаралып, тараптар медиация тәртібімен келісімге келді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Оқиға қалай басталды?

2025 жылдың қаңтар айында Шу қаласының тұрғынына қалалық ауруханада өт қабын алып тастау үшін ота жасалған. Бірақ отадан кейін оның жағдайы күрт нашарлап, қатты ауырсыну, дене қызуының көтерілуі және қатты әлсіздік байқалған. Дегенмен дәрігерлер оған тек ауырсынуды басатын дәрі егіп, қосымша тексерулер нәтижесінде «патология жоқ» деген қорытынды жасаған.

Туыстарының табанды талабынан кейін ғана науқас Жамбыл облыстық көпсалалы ауруханасына ауыстырылды. Мұнда жүргізілген ультрадыбыстық зерттеу кезінде оның құрсақ қуысында 1500 мл-ден астам өт жиналғаны анықталып, шұғыл ота жасалды.

Дәрігерлер науқастың жақындарын араласудың аса қауіпті екендігі жөнінде алдын ала ескерткен. Операция кезінде дренаж орнатылды. Кейін науқас ұзақ уақыт физикалық шектеулермен өмір сүрді: жатуы, қозғалысы қиын болып, тек белгілі бір қалыпта ғана отыра алатын жағдайға жетті.

2025 жылдың мамыр айында Алматыда оған үшінші, аса күрделі ота жасалды.

Науқастың шағымы

Пациент бұл жағдайды дәрігерлердің салғырттығымен, дер кезінде көмек көрсетпеуімен және дұрыс диагноз қоймауымен байланыстырды. Ол ауруханадан, хирургтен және емдеуші дәрігерден моральдық және материалдық шығынды өндіру туралы сотқа талап арыз берді.

Хирург кінәсін ішінара мойындап, өз еркімен 1 млн теңге өтемақы төлеп, палата шығынын және дәрі-дәрмек пен үшінші отаға дайындықтың бір бөлігін өтеп берді. Алайда талап қоюшы мұның бар шығынды жаппайтынын жеткізді.

Сот шешімі

Сот талқылауы барысында тараптар дауды медиация арқылы шешуге келісті. Жасалған келісімге сәйкес:

хирург талап қоюшыға қосымша 400 мың теңге,

Шу қалалық ауруханасы 2 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Сот медиациялық келісімді бекітіп, іс жүргізуді тоқтатты. Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.

Бұл іс – Қазақстандағы медицина саласында медиация арқылы шешімге келген даулардың бірі болып отыр.

 

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар