Жамбыл жаңалықтар

Сот шешімімен мектеп дәлізінде тұз шашқан жуалылық әйелге айыппұл салынды

Бұл туралы Жуалы аудандық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді

Жуалы аудандық соты ортақ пайдаланылатын орынды ластағаны үшін азаматша У.-ға қатысты әкімшілік іс қозғап, оған айыппұл салу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Іс материалдарына сәйкес, азаматша У. мектептің дәлізінде және директордың кабинетінің алдына тұз шашып, ортақ пайдалану орнының тазалығын бұзған. Оның айтуынша, бұл әрекет — «жұмысқа орналасуға көмектеседі» деген ырымға сенуден туған.

Сот отырысында әйел өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, жеңіл жаза тағайындауды сұраған.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мұндай әрекет үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл немесе 40 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыс жазасы қарастырылған.

Сот ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігін басшылыққа алып, айыппұл мөлшерін 30%-ға қысқартты. Нәтижесінде азаматша У.-ға 27 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Аталған сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.