Жамбыл жаңалықтар

Талас ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы қарқынды жүзеге асуда

Аудандағы 17 елді мекенде, яғни 15 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізген

Талас ауданында мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде ауылдардың инфрақұрылымы жаңарып, тұрғындардың өмір сапасы артып келеді. Соның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аймақта жүйелі түрде атқарылып жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бағдарлама аясында С.Шәкіров ауылындағы 4, Аққұм ауылындағы 3, Ойық ауылындағы 1, Ақкөл ауылындағы 2 және Бостандық ауылындағы 2 көшеге орташа жөндеу жүргізуге 212,4 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар Ойық ауылындағы мәдениет үйін қайта жаңғыртуға 111,1 миллион теңге, Үшарал ауылындағы мәдениет үйін жаңартуға 141,2 миллион теңге қарастырылған. Жобалардың мердігері – «Компания Сырым Блеке» ЖШС.

Қазіргі таңда аталған нысандардың жобалық-сметалық құжаттамаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Жобалар 2026 жылға өтпелі болып саналады.

Ауыз су мәселесі шешімін табуда

Бүгінде ауданға қарасты 23 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 2025 жылы Қожағаппар мен Сейілбек ауылдарында су құбырының құрылысы толық аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілді. Ал Қараой ауылындағы су жүйесін аяқтау үшін 267,2 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ Арал және Қайыр ауылдарын сумен жабдықтауға арналған модульдік контейнерлік блоктарды орнату үшін облыстық бюджеттен 72,4 миллион теңге қарастырылған.

Газдандыру көрсеткіші артып келеді

Аудандағы 17 елді мекенде, яғни 15 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізген. Бұл – аудан халқының тұрмыс деңгейін жақсартуға жасалған маңызды қадам. 2027 жылдың соңына дейін газдандыруды 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.