Талас ауданында Отбасын қолдау орталығы ашылды
- авторБақытжан Бекболат
- 21 тамыз, 2025
- 463
Талас ауданында Отбасын қолдау орталығы ашылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Еліміздің барлық өңірлерінде отбасын қолдау орталықтарын құру Президент Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат» тұжырымдамасына сәйкес көзделген. Осы орайда, Талас ауданында Отбасын қолдау орталығы салтанатты түрде ашылып, өз жұмысын бастады.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи жаңа орталықтың маңыздылығына тоқталып, жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан соң, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали жүрекжарды лебіздерін арнап, орталық қызметкерлері қиын жағдайға тап болған отбасының барлық мүшелерінің әлеуметтік және жеке дамуына қолдау көрсететініне сенім білдірді.
Осылайша мекеменің лентасы қиылып, шашу шашылып, шара қатысушылары орталықтың жұмыс барысымен танысты.
Мемлекеттік отбасы саясатын жүргізуге бағытталған орталықта өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдау бойынша барлық жағдайлар жасалған. Жаңа ғимаратта психолог және әлеуметтік қызмет көрсету бөлмесі, асхана, уақытша 7 адамға 2 жатын бөлме, тынығу бөлмесі, қызмет көрсету бөлмесімен жабдықталған. Бұл қызмет көрсету бөлмелерінің барлығы талапқа сай қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, орталық отбасы институтын қолдау мақсатында, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңестер беріп, 9 бағыт бойынша әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-еңбек, ақпараттық-консультациялық қызметтер көрсететін болады.






