Жамбыл жаңалықтар

Тараз қаласындағы инфрақұрылымдық жұмыстар Партиялық бақылауда

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті.

  Жиын барысында Тараз қаласындағы көшелер бойында жүргізіліп жатқан бірқатар жұмыстар талқыланды. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлардың құрылысы, балалар ойын алаңшаларын орнату, көше бойларын көгалдандыру және арық жүйелерінің жай-күйі жөніндегі мәселелер қаралды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Алдымен комиссия мүшесі Бақыт Әлмұратов жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижелерімен таныстырды. Оның айтуынша, бірқатар учаскелерде жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптары ескерілмей, құрылыс сапасына қатысты кемшіліктер орын алған. Мәселен, «Арай» алқабында салынып жатқан тротуарлар белгіленген стандарттарға сай емес, ал Әл-Фараби көшесінде жол жөндеушілер құрылыс қалдықтарын жол жиегінде қалдырып кеткен.

Көтерілген мәселелерге байланысты Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұрсұлтан Исабеков жауап беріп, тиісті жұмыстардың барысы жөнінде ақпарат берді.

Оның айтуынша, биыл қала аумағында ұзындығы 35,3 шақырымды құрайтын 12 жаяу жүргінші жолын салу жоспарланған. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлініп, Рысбек батыр көшесінде қайта жаңғырту жұмыстары басталған.

 «Халықтың қатысуымен абаттандыру» жобасы аясында «Ұлы Дала» шағынауданы жанындағы «Түйте» каналының 1,7 шақырымы абаттандырылып, биыл халық игілігіне берілді. Алдағы уақытта «Үшбұлақ» және «Қарасу-2» каналдары да кезең-кезеңімен жаңғыртылатын болады. Сондай-ақ «Сеңкібай» каналын механикалық тазалау жұмыстарына 44,1 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі таңда қаланың арық жүйелерінің едәуір бөлігі тозған. Осыған орай, оларды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, Желтоқсан, Қазыбек би, Төле би, Байзақ батыр, Сүлейменов көшелерімен қатар, «Қаратау», «Жайлау», «Аса», «Жансая» шағынаудандары және «Химпоселок» аумағында жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Жиын барысында комиссия мүшелері нақты ұсыныстарын білдіріп, жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.