Таразда алғаш рет екі жасар балаға кардиостимулятор орнатылды
- авторСадуақас Айсұлу
- 7 тамыз, 2025
- 424
Күрделі медициналық көмек Тараздағы Кардиохирургия және трансплантология орталығында көрсетілді. деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.
Диагнозы – III дәрежелі AV-блокада, бұл жүрек соғысының едәуір баяулауына әкеп соқтырған. Баланың жүрегі минутына небәрі 42 рет соққан. Сонымен қатар, сәбиде гидроцефалия, тырыспа синдромы, мидың даму ақаулары секілді қатар жүретін патологиялар болған.
Дәрігерлер шұғыл түрде ота жасау туралы шешім қабылдап, баланың жүрек ырғағын реттейтін екі камералы кардиостимулятор орнатты. Операция сәтті өтіп, жүрек соғысы 110 рет/минут деңгейіне дейін қалпына келген.
Мамандардың айтуынша, бұл күрделі әрі сирек жасалатын медициналық көмек түрі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін көрсетілді.
Қазіргі уақытта сәби анасының қасында үйіне шығарылып, денсаулығы жергілікті медициналық мекеменің бақылауында.




