Таразда «Қауіпсіздік пен сенім жолындағы қадамдар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 17:14
- 57
Осы өзекті тақырып аясында өткен «Қауіпсіздік пен сенім жолындағы қадамдар» атты дөңгелек үстел еркін пікір алмасу алаңына айналып, қатысушылар маңызды мәселелерді кеңінен талқылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиын барысында алғашқы сөз алған журналист, блогер Мөлдір Анарбаева Нұрланқызы қоғамда үнсіз қалмаудың маңызын ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде: «Зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бұл – барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір адам бейжай қарамай, әділетсіздікке қарсы үн қоса білуі керек», – деді.
Психолог, «Анаға тағзым» орталығының маманы Бану Тілесова әйелдердің жан дүниесіне үңіліп, психологиялық қолдаудың маңызын тілге тиек етті. «Әйелдің жан жарасы көзге көрінбейді. Оны түсіну үшін мейірім мен сабыр қажет. Қоғамда қолдау мен сенім болса ғана, адам өз мәселесін ашық айта алады», – деген ойымен бөлісті.
Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының ғылыми қызметкері Фарида Метеркулова «Қоғамдағы ізгілік – тәрбиеден басталады. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау арқылы біз болашақ ұрпақтың санасына мейірім мен жауапкершілік ұялата аламыз», – деп, тәрбиенің маңызын тереңінен қозғады.
Ұлттық ұлан 5513 әскери бөлімінің рота фельдшері қауіпсіздік мәселесіне тоқталып: «Қауіпсіздік – тек қорғану емес, оның алдын алу. Қоғамда құқықтық сауаттылық артқан сайын, құқық бұзушылық та азаяды», – деді.
Ұстаз Айтқұлова Тоғжан өз сөзінде жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп: «Отбасы мен мектеп – тәрбие берудің қос қанаты. Осы екеуі біріккенде ғана саналы, қауіпсіз қоғам қалыптасады», – деп атап өтті.
Жиын барысында қатысушылар «Қауіпсіз қоғам дегеніміз не?», «Зорлық-зомбылықтың алдын алудың тиімді жолдары қандай?» деген сауалдар төңірегінде ой бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу көркем өнермен де сабақтасты. «Ақберен» үйірмесінің шәкірті Жамалбек Мирас анаға деген құрмет пен ізгілікті жырға қосқан арнауын орындап, көрермен көңілін тебірентті. Ал «Қаратау» үйірмесінің шәкірті Джасаров Қанат «Ана» тақырыбындағы әсерлі өлеңімен ананың асыл бейнесін айшықтады. Жиын барысында жыршы, дәстүрлі әнші Бекарыс Көштаевтың «Аналар» әні де нақышына келтіріліп орындалды.
Кештің көркем шымылдығын қорытындылаған орталықтың үйірме жетекшілері мен шәкірттері «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» әнін орындап, жиынға ерекше рухани жылулық сыйлады.
Іс-шара қорытындысында әйелдердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – тек міндет емес, бұл – адамзаттық парыз екені айқындалды. Қоғамда мейірім мен жауапкершілік салтанат құрғанда ғана қауіпсіз орта қалыптасатыны тағы бір мәрте атап өтілді.





