жұма, 5 желтоқсан, 2025 15:03

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда полиция инспекторларының республикалық слеті өтті

Таразда полиция инспекторларының республикалық слеті өтті
Фото - Jambylinfo.kz
Іс-шарада бірқатар қызметкер марапатталды

Тараздағы «Көне тараз» этномәдени кешенінде өткен Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі учаскелік полиция инспекторлары мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі иснпекторлардың республикалық слеті өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Еліміздің Туы көтеріліп, Гимнмен басталған жиында Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» фильмінен үзінділер көрсетілді. Осы фильм үзіндісінен соң «Ұлт ұстазы» фильмінде Әлихан Бөкейхановты сомдаған актер Бауыржан Қаптағай мен «Оян, қазақ» фильмінде Міржақып Дулатовты сомдаған Бақыт Қажыбаев ортаға шыға келіп, кешегі Алаш арыстарының арманын айта келіп, бүгінгі Тәуелсіз еліміздің тәртіп сақшыларына ақ баталарын берді. Осы ғажап сәт жиналғандарға патриоттық  рух сыйлады.

Алқалы жиынды еліміздің Ішкі істер министрілігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ашты.

 «Біз бүгін аса маңызды басқосуға жиналып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сенім білдіргендей, әр полиция қызметкерінің мойынында аса ауыр салмақ пен жауапкершілік бар. Сіздер антқа адал болып, сол жауапкершіліктің үдесінен шығып келе жатырсыздар. Учаскелік полиция инспекторы – мемлекеттік биліктің өкілі. Өз құзыреті шегінде адал еңбек атқаруға тиіс. Сіздер  әр өңірден үздік болып, дараланып шықтыңыздар. Осы абыройды үнемі сақтауларыңыз керек. Бұл сіздерге берілген – жоғары баға. Бұл бағалаудың артында құтқарылған адам өмірлері мен аса ауыр қылмыстың алдын алған өжет шешімдер тұр. Сіздердің жұмыстарыңызға әрқашан табыс  тілеймін!», - деді Қайсар Сұлтанбаев.

Мұнан соң облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров сөз алды.

 «Бүгін біздің өңірде айтулы оқиғаның бірі өтіп жатыр. Қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін ерлік істер жасап жүрген ең үздік тәртіп сақшылары біздің облысқа жиналды. Облысымызда 457 учаскелік полиция инспекторы, 182 кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар еңбек етеді. Оларға әрқашан көмек көрсетіліп, кабинетпен, автокөлікпен қамту жүзеге асқан. Мемлекет басшысын айтып өткендей, халыққа ең жақын қызметкерлер де –осы учаскелік инспекторлар. Сіздердің осы кезге дейін де атқарған жұмыстарыңыз аса көп. Ерекше бағалауға болады. Ал, алдағы уақытта да тыныштық пен қауіпсіздік жолында аянбай тер төге беретіндеріңізге сенемін», - деді Нұржан Сәбитұлы.

Сондай-ақ жиында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров өңірде аса ауыр қылмыс, бұзақылық, адам тонау жағдайлары едәуір азайғанын айтты.

-  «Оған сіздердің қосқан үлестеріңіз зор. Біздің облыста 457 учаскелік инспектор болғанымен, әр 2500  адамға бір инспектордан келеді. Бұл – зор жауапкершілік. Еңбектеріңіз өте ауыр» деп атап өтті. Мұнан  соң облыстық полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаев тәртіп сақшыларының озат жұмыс тарына ерекше тоқталды. «Біз учаскелік инспекторларға ерекше сенім артамыз. Олар халықтың арасында жүрген, елмен тығыз араласып жүрген жауапты өкілдеріміз. Сіздер атқарған міндет өлшеусіз көп. Алдағы міндеттеріміз де маңызды», -деп атап өтті ол. 

Жиында республикалық «Үздік учаскелік полиция инспекторы» байқауының қорытындысы жарияланды. Тараз қалалық полиция басқармасы №2 полиция бөлімшесінің инспекторы Эльмира Байниязова мен Жамбыл аудандық полиция басқармасының инспекторы Әшіржан Пайызов байқау жеңімпазы атанып, автокөлікке ие болды. Жүлделі екінші орындармен Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының өкілі Бекназар Әлібеков пен қарағандылық Қайрат Иманбаев марапатталды. Ал, жүлделі үшінші орындар жетісулық Талшын Нұрлади мен керекулік Қуаныш Ербосынұлына бұйырды. Бұл маңызды марапатты Ішкі істер министрілігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев, облыс  әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров, ішкі істер саласының ардагерлері Жан Кенжетаев, Мейірхан Жаманбаев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаев тапсырды.

 Жиын соңында «Жігер» атты жаңа әннің тұсауы кесіліп, аталған әнді жамбылдық полиция өкілі Аманжол Рысбеков пен «Алашұлы» тобы орындады. Алқалы жиын «Алашұлы» тобының орындауындағы Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» патриоттық  әнімен мәресіне жетті.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар