Жамбыл жаңалықтар

Тараздағы кітапханада ұлттық дәстүрді дәріптеген Наурыз кеші өтті

Ұлттық дәстүр мен руханиятты ұлықтаған бұл шара қатысушылардың жүрегінен орын алып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй мен ізгі әсер сыйлады.

Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қабырғасында көктемнің жаңаруын, табиғаттың түлеп, тіршіліктің жанданған шағын айшықтайтын Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған «Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні» атты мерекелік әдеби-сазды кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Іс-шара барысында арнайы шақырылған қонақтар жүрекжарды лебіздерін білдіріп, көпшілікті ынтымақ пен бірліктің, береке мен ырыстың бастауы болған әз-Наурыз мерекесімен құттықтады. Олар ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың маңыздылығына тоқталып, жас ұрпақтың бойына салт-дәстүрге деген құрметті қалыптастырудың мәнін ерекше атап өтті.

Ұлттық руханият кеңінен дәріптелген кеште кітапхана қызметкерлері қазақ халқының тәрбиелік мәні зор, ізгі дәстүрлерінің бірі – «Тұсау кесер» рәсімін сахналық қойылым арқылы әсерлі жеткізді. Бұл көрініс арқылы балаға ақ жол тілеп, өмірге нық қадам басуына ниет білдіретін халқымыздың ізгі тілегі көрерменге терең әсер қалдырды.

Сонымен қатар, Жамбыл облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті қызметкерлері «Сәукеле кигізу» дәстүрінен тағылымы мол көрініс ұсынып, қазақтың қыз ұзату салтындағы әсемдік пен тәрбиелік мәнді кеңінен насихаттады. Көрініс көрермендердің зор ықыласына бөленіп, ұлттық болмысымыздың тереңдігін тағы бір мәрте танытты.

Кеш барысында әсем әндер шырқалып, ұлттық нақыштағы музыкалық туындылар орындалып, көрермендерге ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады. Осындай игі шаралар арқылы ұлттық мұра дәріптеліп, ұрпақ сабақтастығы жалғасын таба беретіні сөзсіз.