Таразда әйел балаларын бесінші қабаттан лақтырып жіберген
Оқиға Төле би даңғылы бойында орналасқан жатақханалардың бірінде болған
Таразда әйел кісі кәмелетке толмаған екі баласын көпқабатты үйдің бесінші қабатының терезесінен лақтырып жіберген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оқиға Төле би даңғылы бойында орналасқан жатақханалардың бірінде болғаны анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, 36 жастағы әйел 2021 жылы дүниеге келген қызын және 2023 жылы туған ұлын терезеден лақтырып жіберген.
Абырой болғанда, екі бала да тірі қалып, шұғыл түрде Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта олар жансақтау бөлімінде жатыр.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ретінде әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір құқық қорғау органдары барлық қажетті тергеу шараларын жүргізіп жатыр.
Тергеу нәтижесіне қарай Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес іс бойынша өзге ақпарат жарияланбайды.