Жамбыл жаңалықтар

«Таза Қазақстан»: 12 мың тонна қоқыс шығарылып, 300 мың ағаш егілді

Бүгінгі таңда «Таза Қазақстан» үлкен қоғамдық қозғалысқа, күнделікті мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды.

Акцияның мақсаты – елді мекендерді, өзен-көлдерді, орман алқаптарын, жол бойларын тазалау, көгалдандыру, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру, ең бастысы, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. 

Елімізде өткен жылы акция бұрын-соңды болмаған ауқымды көлемде өтті. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті әкімдіктердің ұйымдастыруымен барлық өңірде экологиялық сенбіліктер өткізілді. Акцияға миллионнан астам азамат қатысып, 1 159 тоннадан астам қоқыс жиналды, 1 609 мыңнан аса ағаш көшеті егілді.

Экологиялық нормаларды бұзған 105 дерек анықталды. «TazaQazBot» электронды платформасы іске қосылып, 7 929 өтініш қабылданса, 7 061-і орындалды. Бұдан бөлек мектептер мен колледждерде экологиялық тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Қала мен ауыл тұрғындары арасында табиғатты қорғауға бағытталған түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Акция аясында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу мәдениеті қалыптасты.

Облысымыз да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді атсалысып келеді. Тараз қаласында экологиялық акция аясында жасыл желектерді түгендеу және цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта арнайы сайт іске қосылып, облыс орталығындағы жасыл желектердің бірыңғай дерекқоры қалыптастырылуда.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша бүгінгі күнге дейін сенбіліктерге 109,4 мың жамбылдық қатысқан.

Сонымен қатар «Жасыл белдеу», «TazaLike» және «Әр ауылдық округке 2 000 тал егу» іс-шаралары аясында көктемде 303 мың көшет отырғызылған.