«Таза Қазақстан»: Жамбыл облысында биыл 17 млн-ға жуық көшет отырғызу жоспарлануда
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 17:40
- 13
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының м.а Дамир Тұнғатов баяндама жасап, экологиялық акция аясында бүгінгі күнге дейін 16,8 мың адам мен 850-ден астам кәсіпорын, мекеме қатысқанын атап өтті. Нәтижесінде 45,8 мың көшет отырғызылып, 1,5 мың шақырым көше жолдары мен 410 шақырым арық жүйелері және каналдар тазаланған. Сонымен қатар, 72,4 мың шаршы метр саябақтар мен скверлер абаттандырылып, 1,8 мың тонна қоқыс шығарылған.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында да оң нәтижелер бар. Тараз және Қаратау қалаларында жасыл желектерді цифрландыру жұмыстары жүргізіліп, арнайы ақпараттық платформа іске қосылған. Бұдан бөлек, телеграм-бот арқылы тұрғындардан 263 өтінім қабылданып, олардың басым бөлігі уақтылы қаралған.
Өңірде Мемлекет басшысының орман қоры жерлерінде 2 млрд ағаш отырғызу тапсырмасы аясында 2021–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітіліп, 143 млн дана ағаш отырғызу көзделген. Осы жоспарға сәйкес, 2021–2025 жылдары 60,9 мың гектар алқапқа 112,8 млн дана ағаш отырғызылып, жоспар толық орындалды. Ал биыл 9,8 мың гектар аумаққа 16,7 млн көшет отырғызу жоспарланған, оның ішінде көктемде 3200 гектар жерге 9,4 млн ағаш егіледі.
Сонымен қатар, республика бойынша 15 млн ағаш отырғызу тапсырмасы аясында «Жасыл белдеу» өңірлік жоспары толық іске асырылып, 814,6 гектар аумаққа 970 мың түп ағаш отырғызылды. Жоспар шеңберінде 2021–2024 жылдары 775 мың, ал 2025 жылы 199 мың ағаш отырғызылып, белгіленген межелер артығымен орындалды.
Аймақ басшысы жауапты сала басшыларына егілген ағаштарды күтіп-ұстауды қамтамасыз етіп, өңірді жасыл желекке айналдыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
- Көктемгі екі айлық абаттандыру, санитарлық тазалық және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы, оның ішінде көшет отырғызу жұмыстары тиісті деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз етіңіздер, бұл бағыттағы жұмыстар менің жеке бақылауымда болады - деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек, жиында Тараз қаласы мен аудандардағы тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту және абаттандыру мәселелері де қаралды. 2024 жылы 793,6 млн теңгеге 12 көппәтерлі тұрғын үй жөнделсе, өткен жылы 2,574 млрд теңгеге 15 тұрғын үй жаңғыртылды.
Қазіргі таңда Төле би және Абай даңғылдарында жаяу жүргінші жолдары, веложолақтар салынып, заманауи жарықтандыру, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылуда. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасып, 2026 жылы 9 үйді, 2027 жылы 13 үйді жөндеу жоспарланған.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аталған жұмыстарды тек облыс орталығында ғана емес, барлық аудан аумағында да сапалы әрі жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.







