Тегістік ауылындағы медициналық пункт халыққа сапалы қызмет көрсетуде
Нысан жақында ғана ел игілігіне берілген.
Тегістік ауылындағы медициналық пункт халыққа сапалы қызмет көрсетуде, деп жазады Jambylinfo.kz
Ауыл тұрғындарына амбулаториялық-емханалық көмек көрсетуге бағытталған бұл медициналық пунктте дәрігерге дейінгі қабылдау бөлмесі, сүзгі (фильтр), акушерлік бөлме, КИЗ кабинеті, процедуралық, егу (вакцинация), стерилизациялық және физиотерапия кабинеттері қарастырылған.
Мекеме ересектер мен балаларға амбулаториялық көмек, дәрігерге дейінгі қызмет көрсету және уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасы сияқты медициналық қызмет түрлерін ұсынады.
Қазіргі таңда 624 тұрғынға қызмет көрсететін мекемеде 1 дәрігер, 5,25 орта медициналық қызметкер, 1 кіші медициналық қызметкер және 2,5 басқа қызметкер бар. Бекітілген штаттық кестеге сәйкес, болашақта 1 дәрігер, 7 орта буын медицина қызметкері, 1 кіші қызметкер және 3 өзге маман қабылданбақшы.
Медициналық нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Фельдшерлік-акушерлік пункттерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету, ана мен бала денсаулығын бақылау, профилактикалық тексерулер жүргізу мүмкіндіктері қарастырылған.
Ғимарат заманауи медициналық құрал-жабдықтармен 100 пайыз қамтылған.
Айта кетейік, Байзақ ауданында 44 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Былтыр мұнда үш медициналық нысан пайдалануға берілсе, биыл тағы үш нысанмен толықты.