«Заң және тәртіп»: Шудағы қарасора алқабын жою жұмыстары
Өңіріміз соңғы жылдары қарқынды дамып, экономикалық өсім мен әлеуметтік жаңғырудың аймағына айналып келеді.
Жаңа өндіріс орындары ашылып, инфрақұрылым жаңарып, ауылдарда халыққа қажетті нысандар бой көтеруде. Алайда қоғамның тыныштығына қауіп төндіретін көлеңкелі құбылыстар да қатар жүретіні жасырын емес.
Соның ішіндегі ең өзектісі – есірткі бизнесі мен нашақорлық. Бұл тек жеке адамның трагедиясы емес, тұтас қоғамның, ұлттың болашағына әсер ететін, психологиялық және рухани саулығына қатер төндіретін әлеуметтік індет.
Бүгінде есірткі мәселесі тек қылмыстық оқиға немесе медициналық проблема шеңберімен шектелмейді. Ол – ұлттық қауіпсіздікке, жастардың дамуына және қоғамның рухани тұрақтылығына төнген қатер. Әлемде есірткі нарығы жыл санап өсіп, жаңа синтетикалық түрлерінің таралуы жағдайды күрделендіруде.
Біріккен Ұлттар Ұйымының нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес басқармасының мәліметінше, әлемде 36 миллионнан астам адам есірткіге тәуелді, олардың төрттен бірі – жастар, ал есірткі қолданушылардың жасы жыл сайын төмендеп барады. Сол себепті есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігіне айналды.
Дәл осы бағытта жүргізілген жүйелі жұмыстардың бірі ретінде «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасын атап өтуге болады. Бес айға созылған бұл шараның қортындысы туралы Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді былай деп баяндады.
Полиция департаменті синтетикалық есірткінің таралуына ерекше назар аударып, жедел іс-шара барысында 8 адам ұсталып, заңсыз айналымнан 9 килограмнан астам синтетикалық заттар алынған.
Сонымен қатар синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхана ұйымдастырған Ресей Федерациясының екі азаматы анықталып, олардың зертханасынан 8 килограмнан астам мефедрон, 2 тоннадан астам прекурсорлар мен арнайы жабдықтар тәркіленді. Бұдан бөлек, трамадол есірткі препаратының заңсыз саудасымен айналысқан алты адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.
Жедел іс-шара барысында 6 417 гектар алқапта өскен 3 919 тонна жабайы қарасора шабылып, жойылды.
Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есеге көп. Мамандардың айтуынша, мұндай ауқымды жою жұмыстарының арқасында облыста есірткіге тәуелділіктің алдын алу және жастарды қорғау бағытында нақты қадамдар жасалып отыр. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес Полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында, ал алдағы уақытта профилактикалық іс-шаралар мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілетін болады.
Жамбыл облысындағы бұл операция – қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам болып, есірткінің таралуына қарсы күрестің тиімділігін айқын көрсетті. Мемлекет пен құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысы арқылы өңірде заңсыз есірткі айналымының жолы бұғатталып, тұрғындардың құқықтары мен қауіпсіздігі қорғалып отыр.