«Заң және тәртіп»: жастар есірткіге қарсы акциялар өткізуде
- авторМағжан Орынбасар
- 24 қараша, 2025
- 205
Өкініштісі сол, адам тағдырына балта шабатын зиянды затқа құмартушылардың қатарында өскелең жастар да бар. Ел болашағына төнген қауіп-қатердің алдын алу мақсатында республикалық партиялар мен үкіметтік емес ұйымның Жамбыл облысындағы жергілікті филалдары, қоғам белсенділері және еріктілер түрлі есірткіге қарсы акцияларды аймақ көлемінде ұдайы ұйымдастыруда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Дәл осы бағытта жыл басынан бері өңірде атқарылған іс-шаралар легін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ерғали Әбуғалидан сұрап көрдік.
– «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру және зиянды әдеттерден аулақ болуға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді. Бүгінгі таңда қоғамның басты талабы – жас буынның қауіпсіздігі, тәрбиесі және дұрыс өмірлік таңдау жасауы. Осы мақсатта «Жастар Рухы» жастар қанаты өңір көлемінде түрлі форматтағы ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырып, жастармен тікелей жұмыс жүргізуде.
Жыл басынан бері біздің тарапымыздан ұйымдастырылған жасөспірімдерге арналған кездесулерде нашақорлықтың зардабы, буллингтің салдары, арақ-шарап пен темекіден туындайтын қауіптер жан-жақты түсіндіріледі. Соңғы айларда облыс бойынша мектептер мен колледждерде барлығы 7 кездесу өткізіліп, оған 400-ге жуық оқушылар қатысты. Жиындар барысында мамандар олардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жеке қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша кеңес береді. Сонымен қатар өмірдегі нақты жағдайлар мысалға келтіріліп, әрбір жасөспірімнің дұрыс шешім қабылдау маңыздылығы ерекше атап өтіледі, – дейді Ерғали Рүстемұлы.
Нақты сандарды сөйлетсек, «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен «Есірткіге жол жоқ» акциясы аясында өңірде жыл басынан бері 1 500-ден астам жасқа ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, есірткіге қарсы көзқарас қалыптастыруға бағытталған жадынамалар таратылған. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің қатысуымен 7 ашық диалог алаңы ұйымдастырылып, жастар құқықтық жауапкершілік, қауіпсіздік, кибербуллинг және қоғамдағы құқықтық мәдениет туралы толыққанды ақпарат берілген.
– Кездесулер барысында жасөспірімдер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты әрі түсінікті жауап алады. Бұл — олардың саналы ой қалыптастыруына, өз ортасында дұрыс үлгі болуына және құқықбұзушылыққа жол бермеуіне үлкен ықпал етеді. «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты алдағы уақытта да жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, зиянды әдеттердің алдын алуға және салауатты қоғам қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра беретін болады, – дейді жамбылдық жастардың көшбасшысы Ерғали мырза өз сөзін қорытындылай келіп.
Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ
Джеки Чан Маңғыстауда кино түсірмек
Ұқсас жаңалықтар
Президент Жолдауы: Облыс әкімдігінде жиын өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 4 желтоқсан, 2025






