«Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы – 2026» облыстық байқауының ақтық кезеңі өтті
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 11:31
- 57
Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы ұйымдастырған «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы – 2026» облыстық байқауының ақтық кезеңі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шара салтанатты түрде ашылып, құрметті қонақтар мен сала өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталған байқау бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін жандандыру, олардың жұмыс тиімділігін арттыру, еңбек ұжымдарындағы беделін нығайту және озық тәжірибелерін тарату мақсатында ұйымдастырылған.
Бірнеше кезеңнен тұратын байқауда қатысушылар өз ұйымдарының қызметін сипаттайтын құжаттар мен жетістіктерін ұсынса, ақтық кезеңде кәсіби және көшбасшылық қабілеттерін жан-жақты көрсетуге мүмкіндік алды.
Сайыс барысында қатысушылар еңбек және салалық заңнамалар бойынша тест тапсырып, кәсіподақ қызметіне арналған бейнероликтерін таныстырды. Сонымен қатар, «Біз кәсіподақ мүшесіміз, себебі…» тақырыбында ұйымның үздік тәжірибелерін көрсетіп, көпшілік алдында таныстыру жұмыстарын жүргізді. Қорытынды кезеңде қатысушылар құқықтық жағдаяттарды шешу арқылы өз білімдері мен тәжірибелерін дәлелдеді.
Байқауға Жамбыл облысының аудандық және қалалық филиалдарынан үздік деп танылған 12 бастауыш кәсіподақ ұйымы қатысты. Қатысушылардың өнері мен кәсіби деңгейін тәжірибелі қазылар алқасы бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар І, ІІ, ІІІ орындар және арнайы номинациялар бойынша анықталып, дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлде иегеріне «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» атағы берілді.




