Жамбыл жаңалықтар

Жұмысшы мамандықтарын даярлайтын Жуалы колледжінің әлеуеті артып келеді

Бүгінде колледжде 250-ге жуық студент білім алуда.

 Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қарасаз ауылдық округіндегі Ақбастау ауылында орналасқан «№16 Жуалы колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны – өңір жастары үшін кәсіптік білімнің қолжетімді әрі сапалы орталығы саналады. Ауылдық аймақта орналасқанына қарамастан, бұл білім ордасы білікті мамандар даярлап, дуальды білім беру жүйесін сәтті іске асырып келеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Колледждің басты мақсаты – еңбек нарығына қажетті, тәжірибесі бар кәсіби кадрларды даярлау. Осы бағытта оқу орны бірнеше мамандық бойынша білім береді. Атап айтқанда, мұнда дәнекерлеу ісі, автокөлікке техникалық қызмет көрсету, фермер шаруашылығы, тігін өндірісі, электр жабдықтарын пайдалану сынды сұранысқа ие мамандықтар оқытылады. Теориялық біліммен қатар, студенттер өндірістік шеберханалар мен тәжірибе алаңдарында машықтанып, өз саласының қыр-сырын игереді.

 Оларға 30-дан аса білікті оқытушы мен өндірістік оқу шеберлері сабақ береді. Ұжымның кәсібилігі мен өз ісіне адалдығы – колледждің басты артықшылығының бірі. Олардың арасында жоғары және бірінші санатты ұстаздар да бар.

Материалдық-техникалық база да заман талабына сай жаңартылып келеді. Колледжде арнайы мамандықтарға бейімделген оқу кабинеттері, практикалық шеберханалар, спорт залы, жатақхана және асхана қарастырылған. Әлеуметтік қолдау шаралары аясында колледжде оқитын аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін ыстық тамақ ұсынылады.

Білім ордасының тағы бір ерекшелігі – дуальды оқыту жүйесін енгізуі. Яғни, студенттер оқу барысында жергілікті кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді. Бұл тәсіл олардың теориялық білімін нақты өндірістік жағдайда шыңдауға, әрі оқу аяқтала салысымен жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді.

Колледж директоры Медет Иманбаевтың айтуынша:

Ал колледж студенті Аида Мақсатқызының пікірінше, колледжде білім алу – өмірлік жолын табуға себеп болып отыр.

Колледж ұжымы тәрбие мен білімді қатар ұштастырып, түрлі әлеуметтік жобалар мен мәдени іс-шараларға да белсенді қатысады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында арнайы тәрбие сағаттары, дөңгелек үстелдер, сурет байқаулары ұйымдастырылып тұрады.

«№16 Жуалы колледжі» – ауылдағы жастар үшін тек білім ордасы ғана емес, мамандық пен болашаққа жол ашатын маңызды баспалдақ. Мұнда алған білім мен тәжірибе – әрбір студенттің өмірлік мүмкіндігін арттыратын құнды капитал.